Иіс пен дәм сезуден бөлек, індеттің ілмегіне іліккендердің асқазан-ішек аурулары асқына бастаған
«Дельта» штаммы классикалық ухань штамынан екі есе залалды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Коронавирустың жаңа түрін жұқтырған науқастарда аурудың симптомдары бұрынғыдан өзгеше дейді эпидемиологтар. Иіс пен дәм сезуден бөлек, індеттің ілмегіне іліккендердің асқазан-ішек аурулары асқына бастаған. Одан қалды, дерт ауыр түрде өтіп, ағзаға екі есе тез әсер етеді екен.
Алматыда коронавирустың «дельта» штаммы көбіне екпе салғызып үлгермеген жастардан анықталып жатыр. Вирус жұқтырғандардың 37 пайызы 20 мен 40 жас аралығындағы азаматтар. Мұндай деректі қалалық Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова бөлісті. Ол қала халқының карантиндік талаптарды елемей, той ұйымдастыратынын, адам лық толы мекемелерге баратынын, өздерін және жақындарын инфекция жұқтырудан қорғамайтынын жеткізді.
«Соңғы екі аптада жасөспірімдер арасында коронавирустың таралу үлесі 0,7 пайызды көрсетті. Ал, 40 пен 59 жастағы азаматтар арасында 0,8 пайызға өскен. Негізінен коронавирус жұқтыру 20 мен 40 жас аралығындағы жастардың 37 пайызында, 40 пен 59 жастағы азаматтардың 25 пайызында, 60 жастан асқан адамдардың 19 пайызында және 14 жасқа дейінгі балалардың 13 пайызында кездеседі», – деді қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова.
Санитарлық-эпидемиологиялық ведомство басшысының орынбасары, сондай-ақ алматылықтарды Үндістан, Таиланд, Филиппин, Мьянма, Ұлыбритания, Ресей сценарийлерін қайталамауға шақырады. Алматыда коронавирус инфекциясының 1 540 жағдайы тіркелсе, соның 1404-і симптомдылар екен.
«Бүгінде инфекциялық стационарлардың жүктемесі 65,6 пайыз. Барлығы 7 625 төсек-орын дайындалған болса, олардың 7045-сі бос емес. Резервте тек 500-дей орын қалып тұр», – деді қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова.
Ал, Ashyq қосымшасымен жұмыс істегісі келетіндердің саны күн сайын артып жатыр. Егер маусымның басында 1700 қатысушы болса, бүгінде олардың саны 6419-ға жеткен. Қалалық Кәсіпкерлер палатасының директоры Айтуар Қошмамбетовтың айтуынша, Алматыда жеке кәсіпкерлердің 37 пайыздан астамы жобаға қосылған.
«Біз жобаға ең көп қатысушыны тіркеген қызмет түрлерін анықтадық. Бұл 2 242 қоғамдық тамақтану объектісі, 1 117 базар, сауда ойын сауық, сауда орталықтары, 835 сұлулық салоны мен шаштараз, 491 балаларды сауықтыру орталығы және 426 йога орталықтары мен фитнес-клуб», – деді қалалық кәсіпкерлер палатасының директоры Айтуар Қошмәмбетов.
Ashyq жобасының көптеген артықшылығына қарамастан, кейбір кәсіпкерлер келушілерді сканерлеу кезінде жауапсыздық танытады екен. Қазірдің өзінде 900-ден астам «аутсайдер» бар деді жауаптылар. Айта кетейік, бүгіннен бастап «Ashyq» жобасына қатыспайтын барлық кәсіпорындар мен ұйымдардың қызметі тоқтатылды. Елдегі эпидемиологиялық ахуалдың ушығуына байланысты Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Атырау және Қарағанды қалаларында каратин шаралары күшейтілді. Мұндай шешім өткен аптада премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен ведомствоаралық комиссия отырысында қабылданған еді.
Сая Меңдеке, Арсаен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы