Елімізге коронавируспен күресуде көмек көрсету үшін Қытай дәрігерлері келді. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, олар біздің мамандарға әдістемелік қолдау көрсетеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бұған дейін екі ел басшысы телефон арқылы сөйлесіп, осындай уағдаластық жасаған. Көрші ел делегациясының құрамында қандай дәрігерлер бар? Қазақстанның індетті ауыздықтауда атқарып жатқан жұмыстарына Қытай мамандарының берген бағасы қандай?
Коронавируспен күресте әлемнің күші бірікті. Әзірге өзінде шыққан індетті Қытай ғана еңсерді. Бұл ретте біздің билік сол қытайлықтардың тәжірибесіне жүгінуді жөн көріп, дәрігерлерін алдыртты.
Қытайлық медицина мамандарын біздің елге жеткізу үшін арнайы борт ұйымдастырылды. Қазақстан Әскери Әуе күштері әскери-көлік авиациясының С-295 екі ұшағы Жетіген-Үрімші-Нұр-Сұлтан бағыты бойынша ақ халаттыларды дін аман жеткізді. Ұшқыштар да қонақтар да елге табаны тимес бұрын қажетті сынама тапсырып, арнайы тексеруден өткен. Көрші ел делегациясының құрамына он маман енген: пульмонолог, реаниматолог, қоғамдық денсаулық сақтау жөніндегі сарапшы бар. Дәрігерлер Шыңжан-Ұйғыр автономдық ауданынан келді. Олар аталған өлкедегі медициналық мекемелердің үздік мамандары. Қатерлі індетпен күрес кезінде мол тәжірибе жинаған. Шыңжанда короновируспен 76 науқас тіркелген. Олардың 3-уі көз жұмса, қалғаны емделіп шыққан.
«Бізде қазір емделіп шыққандармен қатар жағдайы ауыр науқастар да бар. Бірнеше адам өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Сондықтан Қытайдың дәрігерлерімен ақылдасатын мәселе көп. Өзіміз жинаған тәжірибемен де бөлісе аламыз. Олардың кеңесіне де құлақ асамыз. Диагностика мен емдеудің бекітілген арнайы хаттамасы бар. Сол бойынша жұмыс істейміз», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Қамалжан НАДЫРОВ.
Бүгін қытайлық медиктердің қатысуымен алғашқы брифинг ұйымдастырылды. Қаладағы крантин режимінің сақталуына көңілдері толған. Әлі емханаларға барып үлгермепті. Сол себепті қазақстандық дәрігерлердің емдеу әдісіне баға бермеді. Дегенмен дәрігерлердің қауіпсіздігі туралы тілге тиек етті.
«Қытайда 3 387 дәрігер вирус жұқтырып алды. Оның 90 пайызы Ухань қаласында болды. Олар коронавирус тарала бастаған тұста дертке шалдықты. Содан кейін оқытып, қауіпсіздікті күшейтіп, қажетті материалдық құралдармен қамтамасыз еткен соң, дәрігерлер арасында шалдыққандар саны күрт төмендеді», – деді дәрігер Лу ЧЭНЬ
Қытайлық дәрігерлер науқастарды қандай препараттармен емдеп жазғандарымен де бөлісті. Айтуларынша, инкубациялық кезең 37 күнге жету сирек кездеседі.
«Қазір бірнеше дәрі бар. Ол – хлоронофит және лукуэй деп аталатын дәрілер. Міне, осылар жақсы нәтиже береді. Бүгінде әртүрлі медикаменттерге клиникалық зерттеулер жүргізіліп жатыр. Екпелер де зерттелу үстінде. Ал инкубациялық кезеңге келетін болсақ, 37 күн өте сирек кездеседі. Негізі 14 күнді құрайды», – деді дәрігер Лу ЧЭНЬ.
Аспан асты елінің ақ халаттылары Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Алматы қаласында тәжірибесін бөліседі. Айта кетейік, Қытай дәрігерлермен бірге 5 тонна гуманитарлық көмек келді. Сәлемдеменің ішіндегі медициналық бұйымдар емханалар мен ауруханаларға беріледі.
Асылбек Тойбек, «Алматы» арнасы