Әлемге тараған қауіпті індет оңтүстіктегі ірі мегаполиске де құрық салып, Шымкент – карантин тәртібі енгізілген үшінші шаhарға айналды, деп хабарлады Almaty.tv.
Естеріңізге салайық, 23 наурызда короновирус жұқтырған жас жігіт «Тәуелсіздікке 20 жыл» тұрғын үй алабынан тіркеліп, артынша науқастың анасы да ауруханаға жатқызылған еді. Қазір короновирус инфекциясы шыққан аумақ оқшауланып, карантинге жабылды.
Қауіпті індет шыққан «Тәуелсіздікке 20 жыл» тұрғын үй алабы толығымен оқушауланып, полиция қызметкерлері мен дәрігерлер елдімекенге жан баласын жуытпай отыр. Кезекшіліктегі қызметкерлер тұрғындарға сыртқа шығуға болмайтынын айтып түсіндіруде.
БЛИЦ:
– Карантин деп толық бәрін жаптырды. Енді адамдарды шығарып, я болмаса кіргізіп жатқан жоқпыз.
– Қазір зейнетақымды барып алып қайтамын. Онсыз күнелте алмаймыз ғой. 3-4 күн болды бір тиын жоқ. Мейрамдарға байланысты банк жұмыс істемегендіктен ақшамды ала алмадым.
Оқшауланған аумаққа азық-түлік жеткізілуде. Ал, ауырған бала-шағасына дәрі-дәрмек іздеген ата-ана болса, қаладан туыстарын шақыртуға мәжбүр.
«Ешкім алып келіп бермейді ғой. Осы жерге келеміз. Нан, су, шәйімізді сыртта жүрген ағайынға айтамыз. Осылар алып келіп береді. Тиынын беріп жібереміз. Мына досым кезекшіліктен келді. Бұған мен қазір ақшасын беріп, дәрімді, тамағымды алдырдым. Енді қазір кетейін деп тұрмын. Үйге барып жатамыз», – деді қала тұрғыны Шынар ЕРКІНОВА.
Тәулік бойы күзетіліп тұрған «Тәуелсіздікке 20 жыл» тұрғын үй алабында 716 пәтер бар. Медицина қызметкерлері оқшауланған аумаққа дезинфекция жұмыстарын да дембіл-дембіл жүргізіп жатқанын айтады.
«Ішке қарай нан, су қажетті азық-түлікті 102 арқылы кіргізіліп жатыр. Дезинфекция жұмыстары жүргізіліп кетті. Ары қарай Көкбұлақ деген ауыл бар, одан әрі Алтын төбе, Бадамға қарай жол. Осы жерде адамдар топырлап тұр. Бетперделері де жоқ. Өтеміз, шығамыз деп тұрғандар», – деді жедел-жәрдем қызметкері Ергебек АСҚАРБЕКОВ.
Ал жауаптылар аймақ тұрғындары карантин ережелеріне бағынғаны дұрыс дейді. Шұғыл шаруа болмаса, сыртқа шығуға себеп жоқ.
«Қаламыздың азаматтарына үйінде отыруы керектігін айтқым келеді. Оқшаулау қала кезіп жүру емес. Оқшаулау үйде, өз үйінде жұмысын істеп, балаларға қарау. Балаларымыздың бәрі үйде. Мектептердің бәрі жабық. Балабақшаның бәрі жабық. Солардың оқуы мен тәлім-тәрбиесімен айналысса, соның өзі үлкен пайда әкеледі деп ойлаймын», – деді қалалық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Әбдіманап ТӨЛЕБАЕВ.
Айта өтейік, дәл осы көп қабатты үй кешенінің тұрғыны індетке шалдығып, ол қарым-қатынаста болған 20-дан аса адам карантинге жатқызылған. Артынша анасының анализінен короновирус инфекциясының табылғаны расталды.