Әуезов ауданында карантин талаптарын бұзған 30 адам полиция бөлімшесіне жеткізілді

10.04.2021 в 02:46

Мамандар мекеменің ісін қалалық сотқа жолдамақ

Алматыда кәсіпкерлік нысандарға қанша жерден тосқауыл қойылса да, тығылып жұмыс істейтіндер азаймай тұр. Әуезов ауданының мониторинг тобы карантин талаптарын бұзған нысандарды анықтады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

Тексерушілер Бауыржан Момышұлы көшесінің бойында орналасқан ойын клубының жұмысын әшкереледі. Қалалық Бас санитар дәрігердің қаулысы бойынша мұндай нысандар «Ashyq» қосымшасымен ғана түнгі 00:00-ге дейінгі жұмыс істеуге рұқсат берген. Алайда бұл мекеменің басшысы пилоттық жобаның бары туралы естімеген де сияқты. Бұл ойынхана карантин ережелерін осымен екінші рет бұзып отырғаны анықталды.  Енді мамандар мекеменің ісін қалалық сотқа жолдамақ. Тексерушілер отызға жуық келуші мен кәсіпкерді арнайы көлікке отырғызып, барлығын полиция басқармасына алып кетті.

Бас санитар дәрігердің нұсқауы бойынша қоғамдық тамақтану орындарына кешкі сағат 22:00-ге дейін жұмыс істеуге мүмкіндік беріп, адам санын 50 пайыздан асырмау керек. Мұнда оның бірі де сақталмаған. Тіпті, vip бөлмелер де адамға лық толы. Тіпті, қатаң түрде тыйым салынған қор-қорда бар. Бұл қоғамдық орын карантин талаптарын бірінші рет бұзып отырған жоқ.

«Алматы тұрғындары мен қонақтарынан үйде отыруын сұраймыз. Барлық санитарлық-эпидемиологиялық нұсқауларды сақтайық. Көпшілік жиналатын орындарға бармауларыңызды сұраймыз», –  Әуезов аудандық кәсіпкерлікті және өнеркәсіпті дамыту бөлімінің бас маманы Айбек Әлишәріпов.

Әуезов ауданының мониторинг тобы тек бір күннің ішінде 30 кәсіпкерлік нысанды аралап, үш бірдей карантин ережелерін сақтамаған мекемелерді анықтады және оларға әкімшілік хаттама толтырды.

Мерей Қанапиянов, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы