Түнгі рейд: Алматыда 700-ден астам ойын-сауық мекемесіне әкімшілік айыппұл салынды

11.08.2020 01:27

Шағын кәсіп иелері шектеулі шаралар мен ережелерге бағынбай келген

Алматыда карантин кезеңінде 700-ден астам ойын-сауық мекемелеріне әкімшілік айыппұл салынды. Себебі шағын кәсіп иелері шектеулі шаралар мен ережелерге бағынбай келген. Ал, қазіргі уақытта мегаполистегі қоғамдық орындар карантин талаптарын қаншалықты орындауда? Демалыс күндері арнайы мобильді топ қала бойынша кезекті түнгі тексеріс жұмысын жүргізді. Толығырақ Almaty.tv тілшісі Аяулым Көлжігіт тарқатады.

Карантин талаптарының орындалуын қадағалау мақсатындағы тексеріс жұмыстары түнгі сағат 22.00-ден басталды. Қала әкімдігінің өкілдері, полиция қызметкерлері мен санитар мамандардан құралған мониторингтік топ алдымен Әуезов көшесіндегі кафелердің біріне бас сұқты. Мұнда кіре берген сәттен шектелген уақытқа қарамастан, келушілердің демалып отырғаны көзге түсіп, қызметкерлерде бетперде болмады.

Карантин талаптарын бұзған мекеме әкімшілігіне бірден хаттама толтырылды. Сондай-ақ, жақын маңдағы өзге қоғамдық орында заңсыз жұмыс істеуші қызметкерлер анықталып, келушілердің қызуын тексеретін тепловизор да ақау болып шықты.

Сондай-ақ, Бостандық ауданындағы мына мейрамханада бірнеше адам жиылып, мерекелік шара ұйымдастырса керек. Бастапқыда бақылау тобы ғимаратқа кіре алмай әлек болды. Себебі мұндағы қызметкерлер мекеменің қақпасын жауып алыпты. Алайда мұнда ешқандай ереже бұзылмаған. Кәсіптік мекеме жабық тұр екен. Ал, карантин талаптарын ескермеген ойын-сауық орындары заң алдында жауап беретін болады.

«Бүгінгі кезекті тексеру жұмыстары кезінде біраз олқылықтар анықталды. Енді 425-бап бойынша 230 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салу үшін әр аудандағы жауапты мекемелерде әкімшілік құқықбұзушылықтар тіркелетін болады. Олар көбінесе қазіргі уақытта жұмыс істеп тұрған шағын кәсіптік нысандар болып табылады», – деді Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің бөлім басшысы Ерлік Дүйсембаев.

Тексеру соңында көптеген нысанның иелері талапты орындайтындарын айтып сендірді. Алдағы уақытта осындай рейдтік шаралар жалғасатын болады. Себебі бұл шаһардағы эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыруға септеседі.

Аяулым Көлжігіт, Рамина Мизалимова, Мұрат Тайжанов, «Алматы» арнасы