КВИ-ді вакцина арқылы жеңу тиімді – Еуропадағы қазақ дәрігері Серік Тұрсын

22.04.2021 01:29

Коронавирусты жеңудің бірінші жолы – вакцинация

almaty.tv

«Коронавирус індетін жеңудің екі жолы бар, біріншісі вакцинация болса, екіншісі табиғи жолмен барлық адам бір рет ауырып шығуы керек» дейді Еуропадағы қазақ дәрігерлер қауымдастығының жетекшісі, Швейцариядағы Берн отбасылық дәрігерлер институтының оқытушысы, терапевт Серік Тұрсын. Ол бұл туралы «Алматы» телеарнасының «Телемедицина» бағдарламасында айтты.

Дәрігер Серік Тұрсын Еуропа елдері коронавируспен күрес Қазақстандағыдай маска режимі, ара қашықтықты сақтау сияқты қарапайым ережелерден басталатынын айтады.

«Коронавирустың кесірінен қазіргі уақытта үш миллионға жуық адам қайтыс болды. Індетпен күресу тәсілі осыдан жүз жыл бұрын адамзатты әбігерге салған Испан тұмауынан кейінгі қабылданған шараларды ұстанып жатырмыз. Яғни, тұмау кезінде Американың екі қаласы Филадельфия мен Сан-Франциско екі түрлі әдіс пайдаланды. Бірі карантин режімін сақтау, маска тағу, қолды жиі жуу сияқты талаптарды ұстанса, екінші қала барлығын ашып, ештеңені шектемейді. Нәтижесінде бірінші қаланың әдісі тиімдірек болады. Міне, сол уақыттағы  қолды жуу, маска тағу сияқты талаптар қазір де бірінші орында. Еуропа елдері де осыны қатаң ұстанады, бірақ қаланы жауып тастау, көшеде жүргізбеу сияқты қатаң талаптар мен қысым жоқ. Себебі, мұнда бірінші орында адам құқығы, оны шектемейді. Ал ауырғандар, әрине, үйден жұмыс істеп жатыр», – дейді С. Тұрсын.

Сонымен қатар, дәрігер коронавирусты жеңудің екі жолын айтты.

«Коронавирусты жеңудің бірінші жолы – вакцинация. Екінші жолы – табиғи жол. Ол дегеніміз әр адам бір рет ауырып шығуы керек. Дегенмен, вакцина арқылы жеңу тиімдірек. Қазір коронавирус вакцинасын жасап жатқандар көп. Бірақ ол кері әсер етіп, адамдар өлмеуі керек. Вакцина жасаушылар бір миллион адамды құтқару үшін бір адам қайтыс болса да, адамзатты құтқару керек деп есептейді. Ал менің ойымша, вакцинадан бірде-бір адам жапа шекпеуі керек», – дейді Швейцариядағы Берн отбасылық дәрігерлер институтының оқытушысы С. Тұрсын.

Дәрігер қазіргі жасалып жатқан вакцина түрлеріне тоқталып, ерекшеліктерін атап өтті.

«Вакцина дегеніміз – сырттан келген антиген. Адамның бойына түскен әрбір антигенге антидене пайда болады. Ол антидененің бес түрі бар, соның бәрі адам ағзасында пайда болады. Соны бірі – иммуномодуляциялаушы антиденелер, сол сырттан келген вирусқа төтеп береді. Pfizer және Moderna вакциналары қалай жасалатына тоқталсақ. Вирустың сыртында тұрған шоқпар сияқты ДНК болады, ол екіге бөлінгенде РНК пайда болады. Сол РНК-ға жазылған кодты алып, нанотехнология арқылы  липопротеинге, яғни май ішіне қосып, соны адамға егеді. Ол ағзаға енгеннен кейін вирустан бізді қорғап, аман қалады.  Ал Johnson & Johnson вакцинасын Еуропа елдері тоқтатып тастады. Себебі оны алған алты адам ауырып қалды, біреуінің миында тромбоз пайда болып, содан қайтыс болған. Бұл – вакцина векторлы түрде жасалған, яғни адамның ad26 аденовирусын пайдалану арқылы жасалған еді, – деді С. Тұрсын.

Сондай-ақ, Еуропадағы қазақ дәрігерлер қауымдастығының жетекшісі, дәрігер Серік Тұрсын қазақстандықтар салып жатқан «Спутник V» вакцинасы қазіргі уақытта ең тиімді екпе екенін айтты.

«Ресейліктер жасап жатқан «Спутник V» жоғарыда айтқан тәсілмен жасалды, яғни адамның ad26 аденовирусы және 5 типті (Ad5) аденовирусымен бірге егіледі. Яғни, екі екпе. Қазіргі уақытта ол вакцинадан тромбоз пайда болып, ешкім қайтыс болған жоқ», – деді ол.