Елордалық дәрігерлер қаладағы эпидемиологиялық жағдайға алаңдаулы

03.08.2021 01:34

Ауруханадағы төсек орындар тез толып жатыр

Ауруханадағы төсек орындар тез толып жатыр. Осылай деген елордалық дәрігерлер қаладағы эпидемиологиялық жағдайға алаңдаулы, деп хабарлайды Almaty.tv.

Себебі инфекциялық стационарларда науқастар көбейген, әрбір екінші пациентке оттегі концентраторы қажет. Қазір ковидтік ауруханаларда 40 адам жасанды тыныс алту аппаратына қосылған. Дәрігерлер жағдайы ауыр науқастардың көбі вакцина алмаған, санитарлық талаптарды сақтамай, салтанатты іс-шараларға қатысқан адамдар екенін атап өтті. 2 тамыздағы жағдай бойынша Нұр-Сұлтан қаласының инфекциялық стационарларында 2903 адам, ал,  жансақтау бөлімінде 260 науқас жатыр. Қазіргі таңда COVID-19-бен күресу үшін қалада 16 стационар және 6 мыңнан астам медицина қызметкері жұмылдырылған.

«Қайтыс болғандардың саны ауруханада осы 22 адам болса, бұл реанимацияда жатқандар. Ал, реанимацияда бізде көп бөлігі 90-100 пайыз десек вакцина алмағандар. Әрине, вакцина ала тұра ауырған адамдарды көріп жатамыз, естіп жатамыз. Бірақ вакцина алып ауырған жағдайда ауру жеңіл түрде өтеді. Яғни қиын жағдайға осындай реанимациялық төсекте жатуға әкеп соқпайды. Реанимацияда толықтай вакцина алмағандар», – деді қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Әйгерім Ардаққызы.

Еске салайық, бүгіннен бастап жаңа карантиндік шектеулер Нұр-Сұлтанда да күшіне  енді. Қаланың бас мемлекеттік-санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес коронавирусқа қарсы вакцина алмаған жекелеген ұйымдар мен нысандардың қызметкерлеріне тікелей жұмыс орнында еңбек етуіне шектеу енгізіледі.