|
15.05.2020 | 20:42
1906

Алматылық эпидемиологтар тұрғындарды карантин талаптарын қатаң сақтауға шақырды

Олар қалада карантин режимі жеңілдетілгенімен, індет әлі де ауа айналымында жүргенін айтады

Алматылық эпидемиологтар тұрғындарды карантин талаптарын қатаң сақтауға шақырды © REUTERS / PAVEL MIKHEYEV

Індет үзілген жоқ. Сондықтан алматылық эпидемиологтар тұрғындарды карантин талаптарын қатаң сақтауға шақырды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Олар қалада карантин режимі жеңілдетілгенімен, індет әлі де ауа айналымында жүргенін айтады. Ал, карантиннен кейін адамдар не істеуі керек? Біздің арнаның түсірілім тобы қаладағы, әсіресе қоғамдық көліктердегі жағдайды көріп қайтты.

Алматыда карантин режимі жалғасып жатыр. Бұл дегеніңіз коронавирустан келер қауіп әлі сейілмеді деген сөз. Енді біз осы арада қаладағы тұрғындардың сақтық шараларын қаншалықты ұстанып жүргенін бақылап көргіміз келіп тұр. Ол үшін қазір қоғамдық көліктерді аралап адамдар мамандар айтқан ескертпелерге қаншалықты құлақ асып жүргенін байқап көрейік.  

БЛИЦ:

–  Неге автобуста маска кимей жүрсіз?

– Жоқ киіп жүрмін ғой, далада кішкене таза ауа жұтайын деп.

–  Қоғамдық орында маскасыз жүруге қорықпайсыз ба?

– Жоқ, қорықамын.

– Дала ыстық. Тыныс алуым қиын.

– Сіз қоғамдық орында отырсыз, вирус  жұқтырып аламын деп қорықпайсыз ба?

– Жоқ.

Бүгін байқағанымыздай, автобус адам көп жиналатын орын болғандықтан, қоғамдық көлікте медициналық қолғап тұрмақ, масканың өзін кимейтін адамдарды көрдік. Ал бейжай қарайтын адамдарға отандық эпидемиологтар босаңсымауға шақырады.

Мамандар қоғамдық орындарға қатты қажеттілік тумаса бармауға, ораза кезінде үйді-үйді аралап, қонақ шақырмауға, адамдар арасында 1-2 метр қашықтық сақтау қажет дейді.

«Қазіргі күні Алматы қаласында аурушаңдық әлі де тіркелуде. Сондықтан халыққа өз басын, жеке бастың гигиенасын сақтауды әлі де жалғастыруы қажет. Көпшілік ортаға баратын кезде, автобусқа отырғанда міндетті түрде бетперде киіп жүргені жөн болады», – деді қалалық Тауарлар мен қызметтердің сапасын және қауіпсіздігін бақылау департаментінің бөлім басшысы Алмаш АХМЕТОВА.

Ал әлемдегі эпид жағдайға көз жүгіртсек, көршілес Ресейде індетті жұқтырғандар саны күн санап артуда. Тіпті Ресей коронавирусты жұқтыру деңгейі бойынша үштікке еніп тұр. Ал Қытайда жағдай біршама тұрақталған еді. Алайда өткен аптада вирус алғаш табылған Ухань қаласында 17 ешқандай белгісі жоқ коронавирустың жаңа түрі пайда болғаны туралы ақпарат тарады. Енді еліміздегі эпидемиологтар бұл індеттің адамзат өміріне батпандай кіріп алғанын және одан айығу ұзаққа созылуы мүмкін процесс екенін алға тартады.  

«Бұл вируспен бүкіл адамзат түгел ауырып шығуы керек, не болмаса біз вакцинаның көмегімен ғана бұл аурудың алдын алуға мүмкіндігіміз бар. Сол үшін көптеген мемлекеттерде вакцинаны ойлап тауып оның үлкен өндірістік деңгейде шығарылуына үлес қосып жатқан жақсы үлкен институттар бар», – деді Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының бөлім басшысы Айнагүл ҚУАТБАЕВА.

Ал әзірге халық қажетті вакцина жасалғанша өзін өзі оқшаулап, аталған сақтық шараларын қатаң сақтануы керек. Өйткені коронавирустан мүлдем арылар кезең қашан туатыны әлі де белгісіз.

Назкен Еркін, Ялкунжан Әшімжанов, Мұрат Тайжанов, «Алматы» арнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир