Заңбұзушылықты тоқтату мақсатында еліміздің Ішкі Істер Министрлігінде арнайы топ құрылды
Енді екпе паспорттарын қолдан жасайтын алаяқтар жазасыз қалмайды. Заңбұзушылықты тоқтату мақсатында еліміздің Ішкі Істер Министрлігінде арнайы топ құрылды. Олар әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде жалған құжат жасау бойынша хабарландыру бергендерді анықтайтын болады. Қазірдің өзінде мониторинг жасалып, дәл осындай қызмет көрсетудің 46 жағдайы тіркелген, деп хабарлайды Almaty.tv
Алаяқтар халықтан алдын ала төлем алу арқылы жалған егу паспорты мен ПТР тестілеудің оң немесе теріс нәтижиесі көрсетілген дайын құжаттарды ұсынады екен. Тіпті бұл құжаттарды елден бөлек, Ресей, Украина, Үндістан мен АҚШ мемлекеттерінде де жасаймыз деп уәде берген. Ішкі істер министрлігі осындай алаяқтардың арбауынан сак болуын сұрайды.
«Вакцинациялаудың бірінші кезеңінен өткендігі туралы растау хабарламасын алаяқтар мемлекеттік органдардың ресми ресурстарына жатпайтын бөгде пошта жәшіктерінен жібереді. Содан кейін олар екінші кезең үшін алдын ала төлемді талап етеді. Кейін тіпті жоғалып кетеді. Бірқатар жарияланымдарды тексеру барысында алаяқтардың шетелдік банктердің карталарын қолданғаны анықталды. Ал, сатушылар үнемі өзгеріп тұратын виртуалды телефон нөмірлерін жиі қолданады», – деді ҚР ІІМ өкілі Шұғыла Тұрлыбек.