Бұл туралы «Қазақстан Темір Жолы» акционерлік қоғамының онлайн форматта өткізген жиынында ұлттық тасымалдаушы компанияның басқарма төрағасының бірінші орынбасары Қанат Әлмағамбетов мәлімдеді
Алматы-1, Алматы-2 вокзалдарында 21 маусымнан бастап «Ашық» жүйесі іске қосылады. Бұл туралы «Қазақстан Темір Жолы» акционерлік қоғамының онлайн форматта өткізген жиынында ұлттық тасымалдаушы компанияның басқарма төрағасының бірінші орынбасары Қанат Әлмағамбетов мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жолаушылардың қауіпсіздігі үшін енгізілетін жаңа жоба 1 шілдеден бастап барлық облыс орталықтары мен ірі қалаларда және Шу, Бейнеу сияқты жолаушылары көп стансаларда жүзеге аспақ.
«Осы айдан бастап вокзалдарымызда «Ашық» жүйесі енгізіледі. Біз шамамен 1 апта бойы бұл жобаны жұмыс режимінде тексердік. Алматы-1, Алматы-2, Қарағанды - Өскемен вокзалдарында «Ашық» жүйесі 21 маусымнан бастап іске қосылса, 1 шілдеден бастап аталмыш жаңашылдықты Ақтөбе, Атырау, Бейнеу, Көкшетау, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Орал, Павлодар, Семей, Тараз, Түркістан, Шымкент вокзалдарында енгізуді жоспарлап отырмыз. Өйткені бұл әрқайсымыздың қауіпсіздігіміз үшін маңызды», – деді «ҚТЖ»ҰК» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Қанат Әлмағамбетов.
Ал, Алакөл курорттық аймағы бағытындағы билеттерге деген жоғары сұранысты қанағаттандыру үшін тіркеме вагондардың саны артты. Бүгіннен бастап алдағы 45 тәулікке 55 мың 686 билет сатылымға шықса, оның 44 мыңы сатылып кетіпті. 11 мың 600 билет қалды. Бұдан бөлек Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларынан қосымша пойыздар іске қосылды. Биыл Алакөлге барлығы 10 пойыз қатынайтын болады.