Денсаулық сақтау вице-министрі болса үйде емделуге болады, бірақ бактерияға қарсы препараттар вирусты инфекцияны емдеуге қолданылмайтынын айтады
«Мен көрген сұмдық тозақпен тең». Коронавирусқа шалдыққан елордалық науқас ауруханадағы қазіргі ахуалды осылай суреттейді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Осыған байланысты және амбулаторлық ем-дом туралы денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бұйрабекова не дейді? Дәріхана сөрелерінен жоғалып кеткен парацетамол мәселесі қашан шешілмек?
60-қа таяған Алтын апай бет-жүзі мен аты-жөнін толықтай көрсетуге қорықса да, телефон арқылы сұхбат беруге келісті. Айтуынша, оған коронавирус диагнозы қойылған. Алайда ақ халаттылар ауруханада орын болмағандықтан, үйіне жіберген көрінеді. Науқас болса, ауруханадағы жағдайды көріп, өзім де үйге асықтым дейді.
Қазір науқас емді үйінде қабылдап жатыр. Алайда дәрі-дәрмектердің жоқтығы мәселесіне де тап болыпты. Өкпе қабынуы кезінде қажетті антибиотиктерді Ресейден алдыртуға мәжбүр болғанын жеткізді. Ал денсаулық сақтау вице-министрі болса үйде емделуге болады, бірақ бактерияға қарсы препараттар вирусты инфекцияны емдеуге қолданылмайтынын айтады.
«Денсаулық сақтау министрлігінің сапа бойынша бірлескен комиссиясымен амбулаторлық ем үшін 4 құжат мақұлданып отыр. Бұндай әрекет етудің қадамдары бүге-шүгесіне дейін жазылып, аурудың белгілері мен науқастардың өзін бақылайтын тексеру парағы болады. Күнделікті көрсеткіштер емдеуші дәрігерге жолданады. Сондай-ақ, дәрігерлерге де арналып жадынама жасалды», – деді ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бұйрабекова
Ал дәріхана сөрелерінен ыстық түсіретін дәрі-дәрмектің жоғалып кету мәселесі жуырда шешіледі, – деп сендірді Людмила Бюрабекова. Аталған дәрі Алматы, Нұр-Сұлтан және Қарағанды облыстарына жеткізілген. Қазір аталған шаһарлардың дәріханаларына тапсырылып жатқан көрінеді.
«Елдегі дәріханалардан кейбір препаратты халық жаппай сатып алып кетті. Негізгісі ыстық түсіретін дәрі – парацетамол. Парацетамол елдегі өңірлердің бәріндегі дәріханаларға таратылуда. Алматыда қазір де бар. Қарағанды облысындағы, Нұр-Сұлтан қаласындағы дәріханаларда да қолжетімді. Алдағы екі-үш күннің ішінде аймақтарға да жеткізіледі», – деді ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бұйрабекова
Дәрі-дәрмек тапшылығы мәселесі туындамауы үшін елімізде бір адамға сатылатын дәрі-дәрмектің саны шектелетін болады. Яғни препараттың ем-дом курсына қажетті мөлшері ғана, атап айтсақ 2-3 қаптама күйінде сатылады. Осы ретте Денсаулық сақтау министрлігі мен әкімдіктер және бөлшектік сауда желілері қауымдастықтарымен меморандум жасасқан. Ал дәрі-дәрмектің бағасын негізсіз шарықтатқандар болса айыппұлмен жазаланады.
Салтанат Нысанбек, Ботагөз Қайырбекова, «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтаннан