Солтүстік Қазақстан облысында 1 жасар бала коронавирустан көз жұмды

22.07.2021 04:13

Қазіргі уақытта облыстық балалар ауруханасындағы 21 баладан қауіпті індет табылған

almaty.tv

Солтүстік Қазақстан облысында 1 жасар бала коронавирустан көз жұмды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Облыстық балалар ауруханасы дәрігерлерінің сөзінше, бұл облыс бойынша реанимацияға түскен алғашқы бала. 5 шілде күні сәбидің ата-анасы баланың дене қызуының көтерілгенін байқап, дабыл қаққан. Ақ халаттылар баладан бірден энтеровирус инфекциясын анықтады. Ол бір жұмадай учаскелік дәрігердің бақылауында болып, үйде ем алған. Ал 12 шілде күні сәби аурухананың жұқпалы аурулар бөліміне түсіп, қарқынды терапиядан өтіпті. ПТР әдістеменің сынамасына сәйкес, одан коронавирус инфекциясы анықталған. Жалпы жағдайының нашарлауына байланысты бала жансақтау бөліміне ауыстырылып, ол жерде 3 күн ем алыпты. Ал 18 шілде күні коронавирустық инфекция мен екі жақты пневмониядан реанимация бөлімінде жан тапсырды. Қазіргі уақытта облыстық балалар ауруханасындағы 21 баладан қауіпті індет табылған. Олардың шамамен 50 пайызы 1 мен 2 жас аралығындағы сәбилер.

«Баланың жағдайы ауыр болған. Оған қарқынды күтім жасалды. Бірнеше рет Нұр-Сұлтан қаласының жетекші клиникаларымен, оқытушылар құрамымен кеңес өткізілді. Біздің ем шараларымыз дұрыс болды. Бірақ аурудың ағымы қайғылы сипат алды және өкінішке орай біз баланы құтқара алмадық», – деді облыстық балалар ауруханасы директорының емдеу жұмысы жөніндегі орынбасары Нұрлан Жақыпов.