Маған керегі атақ емес. Алматыда 51 жастағы фельдшер саналы ғұмырының 30 жылын медицина саласына арнаған. Сөзінше, әсіресе пандемия кезінде жұмыста бұрын соңды болмаған қауырт кезең болды деп отыр. Қуантарлығы, соңғы күндері науқастардан түсетін қоңырау аздап төмендеген. Дегенмен босаңсуға болмайды дейді қызметкер. Өмір мен өлім арасында арпалысқа түскендердің жанына бірінші боп баратын фельдшердің жұмысы жайлы Almaty.tv тілшісі Жадыра Омаржан тарқатады.
Мамандықты есеппен емес, жүрек қалауымен таңдаған. Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы Ақберді Жұманиязов 1992 жылы емдеу ісі бойынша диплом алған. Содан бері жедел жәрдем қызметінде фельдшер болып жұмыс істейді. Жоғары білікті маман Алматыда пандемия басталғалы дамыл таппастан коронавирус жұқтырып, демігіп жатқан науқастарға ем жасады. Оларға алғаш медициналық көмек көрсетіп, дәрігерлердің қолына табыстады. Күндіз-түні демалмастан жұмыс істеген фельдшер жасағаным ерлік емес, міндетім деп санайды.
«Әлбетте пандемия кезінде медиктерге де жалпы халыққа қиын болып жатыр. Біздің де жұмысымыз қиындады. Бірақ жұмыстың аты жұмыс қой. Өзіміз таңдап жұмысқа кіргеннен кейін, өзіміз мамандықты таңдағаннан кейін, оны қайтпаймыз біз. Ел жұртымыз аман болсын деп. 2-3 есе қиындай түсті. Шақырулар саны 2-3 есеге асып кетті. Мысалы, Алматы қаласында бұрын соңды болмаған 7 мыңға дейін шақыру болды тәулігіне», – деді ШЖҚ «Медициналық жедел жәрдем станциясы» МКК №3 қосалқы стансасының фельдшері Ақберді Жұманиязов.
Жоғары білікті фельдшердің тынбай еткен еңбегіне Алматы қаласының әкімі де жоғары баға берген. Биыл 30 жылда алғаш рет кеудесіне төсбелгі тақты. Жұмысына адал қызметкер, атаққа еш қызықпайтынын айтады. Бастысы, халыққа көмегім тиіп, өмірін аман алып қалсам болғаны дейді. Өйткені, шақыртулардың ішінде есінен еш кетпейтін қиын сәттері де бар.
«Есімде, құрылыста бір жас жігіт бесінші этаждан құлап кеткен. Барған кезде әлі тірі болды. Сол кезде бірінші көмек көрсетіп, ауруханаға өткізген кезде де жақсы еді. Сосын арада 3-4 сағат өткізіп барып, сол ауруханаға басқа науқасты апарған кезде сұрамаймын ғой. 21 жастағы жігіт аурухананың жан сақтау бөлімінде жатып, жүріп кеткен. Сол енді маған қиын болды шынын айтқанда», – деді ШЖҚ «Медициналық жедел жәрдем станциясы» МКК №3 қосалқы стансасының фельдшері Ақберді Жұманиязов.
Мамандығына адал Ақберді Жұманиязов 5 бала тәрбиелеп отыр. Арасында ортаншы ұлы әкесінің еңбек жолын жалғастырғысы келеді. Осылайша, Жұманиязовтар отбасы елімізге елеулі үлес қосуды көздейді.
Жадыра Омаржан, Әрсен Сандыбаев, «Алматы» арнасы