Алматы: Шаhардың әр ауданында 70 бригада дезинфекциялау жұмыстарын атқаруда

Almaty.tv
Almaty.tv
Коммуналдық қызмет көрсететін мамандарды қосқанда 1500 адам, сондай-ақ, 300-ге жуық арнайы техника жұмылдырылған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қаламыздың көшелерінде көлік пен адам саны азайғанымен, тазалық жұмыстары мен дезинфекциялау қарқынды жүріп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Оған коммуналдық қызмет көрсететін мамандарды қосқанда 1500 адам, сондай-ақ, 300-ге жуық арнайы техника жұмылдырылған. Шаhардың әр ауданында 70 бригада дезинфекция шараларын жүзеге асыруда.

Алматыда 8 мың 500 тұрғын үй, 23 мың кіреберіс пен 4 мыңнан астам аула бар. Өңдеу жұмыстары аптасына екі мәрте жүргізіледі. Күніне шаһардың 33 пайызы қамтылады. Жауапты мамандардың айтуынша, дезинфекция жұмыстарының кестесі тұрғындарға алдын-ала хабарланып жатыр.      

«Бүгінгі күні олар веб-сайттарға және аудандық әкімдіктердің әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында қолжетімді. Сонымен бірге, кіреберістер мен ақпараттық стэндтерде орналасқан. Барлық тартылған мердігер ұйымдар тиісті біліктілікке, еңбек ресурстарына және материалдық жабдықтарға ие. Орындалған жұмыстарға тұрғын үй инспекциясының өкілдерінің және аудан әкімдіктерінің бақылауымен басқару органдары, яғни пәтер иелері кооперативі өкілдері немесе үй бойынша үлкендерді  қабылдайды», – деді қалалық Тұрғын үй саясаты басқармасы басшысының орынбасары Мейіржан ОТЫНШИЕВ.

Бұрын хабарланғандай, қала әкімдігі тұрғындарды қолдау бойынша бірқатар шаралар қабылдады. Атап өтсек,  сумен жабдықтау және су тарту қызметтеріне, жылу және ыстық сумен жабдықтау, электр энергиясы, газ және телефон байланысына төлем жасауға ешкім мәжбүрлемейді. Бұл бастаманы лифт ұйымдары да қолдады. Тұрғын үй саясаты басқармасының өкілі осы жөнінде де айтып өтті.

«Олар қала тұрғындарына айыппұл санкцияларын қолданбай, екі айға (наурыз, сәуір) төлемді кейінге қалдырды. Осыған байланысты, бүгінде тұрғындар тарапынан коммуналдық төлемдерді кейінге қалдыру, жөндеу және қызмет көрсету ақыларына да қатысты ма деген сұрақтар жиі қойылады. Тұрғын үй саясаты басқармасы тарапынан ай сайынғы жарналар болмаған кезде, басқару органдарының қызметін қамтамасыз ету мүмкін еместігін түсіндіреміз», – деді қалалық Тұрғын үй саясаты басқармасы басшысының орынбасары Мейіржан ОТЫНШИЕВ

Қала билігі тек Алматы ішін ғана емес, іргелес жатқан Алматы облысының адам көп жиналатын орындарына да тұрақты залалсыздандыру жұмыстарын жүргізіп отыр. Мысалы, Қорғаныс министрлігіне қарасты радиациялық және химиялық қорғау қызметінің мамандары «Алтын Орда» базарында тұрақты түрде  ауқымды дезинфекция жүргізеді.

«Бүгінгі күнде Алматы қаласында карантин жариялануына байланысты ҚР Қарулы күштерінде техникалар мен арнайы жабдықталған құралдары қаладағы ғимараттар мен көшелерге жұмылдыруда. Қаламызда арнайы өңдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құрметті қала тұрғындары, сіздерден өтінеріміз қалаға көп шықпауларыңызды сұранамыз!», – деді Алматы қаласындағы Әскери инженерлік институтының радиациялық және химиялық қорғау қызметінің басшысы Бақытжан ТЕМІРБАЕВ.

Дезинфекциялық препараттардың құрамына келер болсақ, кіре берістер мен көшелерді залалсыздандыру үшін алма экстра, санлайт, септолит және концепт сұйықтықтары шашылса, көшелер мен кіре берістерге натрий гипохлориті, ал көлік пен аялдамалаларға дезитабс қолданыдалды.

Қоғамдық көліктер әр рейс сайын соңғы аялдамада тазаланып жатыр. Вирусқа қарсы күреске жауапты қала мамандары күн сайын 8 мың кіреберіс пен мыңға жуық ауланы дезинфекциялауға қауқарлы. Ол үшін 1500 адам мен 140 тазалушы көлік тартылған. Ал, Алматы көшелеріндегі  санитарлық және дезинфекциялық жұмыстар үшін 120 маман, 146 су шашқыш арнайы техника мен 854 жұмысшы қызмет етіп жатыр.

Қуан Нұрақын, «Алматы» арнасы

Новости партнеров