Алматыда карантин талаптарына бағынбаған 7 кәсіпкерлік нысанның ісі сотқа жіберілді

Алматыда карантин талаптарына бағынбаған 7 кәсіпкерлік нысанның ісі сотқа жіберілді
8 қазаннан бері мегаполистегі 3700-ге жуық кәсіпкерлік нысан тексерілген
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда карантиндік талаптарға бағынбаған 7 кәсіпкерлік нысанның ісі сотқа жіберілді. Мекемелер заңнамадағы шектеулерді бұзып, бірнеше рет толтырылған хаттамаларға қарамай заңсыз жұмыс істеп келген. Ал шаһарда індет тарай бастағанда арнайы құрылған 32 мониторингтік топ қарқынды рейд шараларын жүргізіп келеді. Осы уақытқа дейін заң бұзған қанша нысан анықталды? Тексеріс барысында құқығы тапталған кәсіпкер қайда шағымдана алады? Әріптесім Almaty.tv тілшісі Сымбат Ноғай анықтап келді.

Қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасымен Әуезов ауданында 4 мобильді топ құрылған. Күн-түн демей жүргізілген рейд шараларының нәтижесінде аймақта шілде айынан бері 1200-ден аса нысан тексеріліп, Бас санитардың қаулысын бұзған 525 мекеме анықталған. Дегенмен уақыт өткен сайын заңбұзушылықтардың саны азайып келеді дейді мамандар.

«Әр нысанға барған уақытта мобильді топпен түсіндірме жұмыстары жүргізіледі: қаншалықты оның қауіпті екені. Енді бүгінгі таңда мобильді топпен салыстырған уақытта заңбұзушылықтар азайып келе жатыр. Көбісі түсінді, білді. Бұрынғы уақытта, мысалы, күніне 100 нысан тексерілсе, соның 90-ында кемшілік анықталушы еді. Ал қазір 100-ден тек 20-15-інде ғана кемшіліктер анықталып жатыр», – деді Әуезов ауданы Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының бөлім басшысы Салтанат Бөпежанова.

Карантиндік қаулыға сәйкес кәсіпкерлік мекемелер түнгі 22.00-дан кейін есігін жабуы тиіс. Сондай-ақ, ондағы қызметкерлер мен келушілер маска тағып, арақашықты сақтауы керек. Осы орайда 8 аудан бойынша құрылған 32 мобильді топ қазір күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Әсіресе, апта соңында, яғни жұма, сенбі, жексенбі күндері бизнес нысандар қатаң түрде қадағаланады.

«Аптаның соңында, жұма, сенбі, жексенбі күндері ауқымды түрде жұмыс істейміз. Қаланың мониторингтік топтарының барлығын алып келіп, бір уақытта районды ауқымды қамту үшін 32 мониторингтік топты осы орталық ауданға бірдей жібереміз. Яғни, бір уақытта барлық карантинді бұзады деген, бұрын бұзған, қайталанған объектілерге жібереміз және басқа да объектілерді бір уақытта тексеріп отырмыз», – деді қалалық Коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі комиссия мүшесі Рауан Есіркенов.

Әр бригаданың құрамында жергілікті әкімдік өкілдері және полиция қызметкерлерімен қатар «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасының мүшелері де бар. Ұйым қызметкерлері тексеріс барысында кәсіпкердің құқығын қорғап, мемлекеттік органдар тарапынан заңбұзушылықтың болмауын қадағалайды.

«Бүгінгі таңдағы жағдайды ескере отырып, Алматы қаласының кәсіпкерлеріне, бизнес субъектілеріне кәсіпкерлер палатасы тарапынан барлық карантиндік жағдайларды сақтауларын сұраймыз. Егер де мемлекеттік органдардың тарапынан қандай да бір заңбұзушылық анықталған жағдайда Республика бойынша 1432 немесе 3310133 нөмірлеріне хабарласуын сұраймыз», – деді қалалық Кәсіпкерлер палатасының жетісу аудандық филиалының директоры Айымбала Мешелова.

Айта кетейік, 8 қазаннан бері мегаполистегі 3700-ге жуық кәсіпкерлік нысан тексерілген. Ал 370-тен аса жеке тұлғаға бетперде тақпағаны үшін айыппұл салынған.

Сымбат Ноғай, Рашид Шүкірәлиев, «Алматы» арнасы

Новости партнеров