Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласында түнгі сағат 00:00-ден бастап карантин режимі енгізілетінін тағы да еске сала кетеміз. Ал оның басты мақсаттары нендей? Қандай шектеулер қойылмақ? Бұл сұрақтарымызға жауап беру үшін студиямен тікелей байланысқа Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы Жұқпалы аурулардың алдын алу департаментінің директоры Жұмабек Елтекұлы Бекенов шығып отыр.
– Жұмабек Елтекұлы, қайырлы кеш, сонымен карантин әлемде қандай жағдайда жарияланады?
– Осы күнге жағдайға келетін болсақ, елімізде келіп жатқан аса жұқпалы аурулардың кең көлемінде бір елдімекенде көп таралып кетпеуіне байланысты еліміздің басқа да жерлерін қорғау мақсатында карантин жарияланып отыр. Ол, әрине, сол елдімекенінің әкіміменен жарияланады. Басты мақсат не? Басты мақсат – осы елдімекеннен табылған адамдардың басқа елдімекендерге ауруды таратуына жол бермеу. Оған бөгет жасау.
– Әлем тарихында осындай вирусқа байланысты жаппай карантин жариялау деректері бар ма?
– Вирустың таралуы секілді оқиғалар тарихта көп. Сонау Рим империясынан бері 7-8 рет елде пандемия ауруы болған. Бұл жаңалық емес. Оның бер жағында коронавирустың кең көлемде таралуы, өздеріңіз білесіздер, 2003 жылы Қытай мемлекетінде, 2012 жылы Таяу Шығыста осыған ұқсас вирустардың кең көлемде және бір мезгілде таралып шығуы, одан және көп адамдардың сырқаттанып, өлімге душар болғаны белгілі. Бұл ауру да одан асып кеткен қатты ауру емес. Бірақ енді адамдарға өте тез арада жұғуы, таралу себебінің өте жоғары болғанынан, біз осындай шұғыл шараларды қолдануға мәжбүр болып отырмыз.
– Карантин кезінде негізгі ұстанатын тәртіп қандай?
– Карантиннің ең басты мақсаты – барынша оқшаулану. Оқшаулану дегеніміз – өзіңіздің жеке тұрғын үйлеріңізде отбасыменен қосымша жүріс-тұрыстарды азайту. Мынау аурудың таралуына сөйтіп біз аурудың таралу жолдарын үзу басты мақсат.
– Күн жылынғанда вирус жойыла ма? Осындай сыбыс болды ғой?
– Ауа-райының вирустың таралу-таралмауына тікелей әсері онша көп емес. Бірақ ыстық температурада вирустың ауада көп сақталмайтынын білеміз. Бұл тікелей әсер етпесе де, азаюына сеп болады.
– Қазір жаппай бетперде тағып, үрейге бой алдырып жатырмыз? Ең негізгі қорғану жолы қандай?
– Вирустан қорғану талаптарын біз бірнеше рет айтқан болатынбыз. Тағы да қайталап айтамын, ең бірінші жеке бас гигенасын сақтау. Екінші, көпшілік жерлерге барудан, басқосулардан бас тарту. Үшінші, осы аурудың бірінші белгілері пайда болғанда, сақтық шараларын орындап, өзіңізден басқа адамға жұқтырмаудың жолын жасау. Мысалы, бетперде кию, үйге дәрігерлерді шақыру, үйдегі тазалықты ұстау.
– Рахмет! Студиямен тікелей байланыста болған Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы Жұқпалы аурулардың алдын алу департаментінің директоры Жұмабек Бекенов болатын.