Елімізде пандемия басталғалы дәрігерлердің жұмысы қауырт екені белгілі. Коронавирус қалада тіркелген күннен бастап, олар ауруханада күндіз-түні еңбек етіп жатыр. Дәрігерлерді қолдау мақсатында бүгін қалалық Нұр Отан партиясы өкілдері олардың тұрып жатқан қонақ үйлері мен жатақханаларын барып көрді. Төрт айдан бері жақындарынан жырақта жүрген ақ халатты абзал жандардың жағдайы қалай? Оларды қандай мәселелер алаңдатады? Almaty.tv тілшісі Ұлағат Арғын тарқатады.
Мәслихат депутатары, денсаулық саласы және сыбайлас жемқорлыққа қарсы департамент өкілдерінен құралған жұмыс тобы алдымен Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының жатақханасына барды. Мұнда қалалық «Ұлттық сараптама орталығының» 21 қызметкері тұрып жатыр. Мұндағы лобарант мамандар еркін жұмыс жасау үшін барлық жағдай жасалғанын айтады.
«Қазір жұмыс кестеміз бұрынғыға қарағанда реттеліп келеді. Бұрын аусымға қарамай күні-түні қызметкерлер мен қауіпті ошақ саналатын мекендерге барып адамдардан талдама алатынбыз. Қазір арнайы кесте бойынша кезекпен жұмыс істеп жатырмыз», – деді қалалық «Ұлттық сараптама орталығының» лаборанты Зүлфия Асылбекқызы.
Ал, бұл қонақ үйде Фтизиопульмонология және балалар жұқпалы аурулар ауруханасының 30 қызметкері тұрады. Мұндағы дәрігерлер де мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдауға өз ризашылықтарын білдірді.
«Біз жұмыста қызыл аймақтан шыққан кезде ешкім үйіне барғысы келмейді ғой. Үйде бала бар, қария бар, жақындары бар деген сияқты. Мында бізге ыңғайлы. Біз жұмыста қиындықсыз жұмыс істеуіміз үшін барлық жағдай жасалған. Кейде қалжыңдап айтамыз қонақ үй де екінші үйімізге айналды», – деді Қалалық балалар жұқпалы аурулар ауруханасының педиатр дәрігері Мағжан Тұрлы.
Жұмыстарын аяқтаған дәрігерлер бірден қонақ үйге кіре берген сәтте дене қызулары өлшенеді. Одан кейін артық жүріс жасамастан бірден осындай оқшаулау бөлмелеріне кіреді. Қонақ үйдегі бөлмелерде дәрігерлер үшін барлық жағдай жасалған. Бір бөлмеде екі дәрігерден тұрады. Мұнда теледидар мен тоңазтқышқа дейін қарастырылған.
Елде пандемия кезеңі басталғалы бері қонақ үй әкімішілігі осы ғимаратты дәрігерлерге деп босатып берген. Бұл бір жағынан қауіпті індетпен күресте алдыңғы шепте жүрген жандарға көмегім десе, енді бір жағынан кәсібінің тұраламауы үшін де пайда екенін айтады.
«Алматы бойынша қонақ үйдің 4 желісі болса, оның көбінде медицина саласының қызметкерлері тұрады. Бір корпуста медицина саласының қызметкерлері тұрса, ол жерге сырттан, яғни көшеден, компаниядан басқа адамдарды қабылдамаймыз. Олар бөлек корпуста тұрады. Араластырмаймыз», – деді қонақ үй әкімшісі Жұлдыз Нұрсаламова.
Мониторингтік топ «Халық арена» кешенінде жұмыс істеп жүрген дәрігерлер мен медбикерлердің де жағдайын барып көрді. Мұнда да медицина қызметкерлеріне күніне үш мезгіл ыстық тамақ, жатын орын мен жұмысқа қатынау үшін арнайы автобус бөлінген.
«Аптасына екі рет ПЦР-тест тапсырамыз. Нәтижесі шыққаннан кейін барып қана жұмысқа шығамыз. Екінші тест 1-іне болады. Біздің арамызда әлі оң нәтжие шыққан жоқ», – деді «Халық арена» кешенінде медбике Гүлнұр Әбілдаева
«Соңғы тексеріс май айында болған. Қала басшылығы тарапынан, қаланың қоғамдық ұйымдары тарапынан партия тарапынан қажетті мәселелер толықтай қарастырылды деп толықтай айтуға болады. Көргеннен кейін өзіміздің де көңіліміз толды», – деді Нұр Отан ХДП Алматы филиалы жанындағы қоғамдық кеңес төрағасы Борис Жаппаров.
Дәрігерлер тарапынан айтылған ұсыныстарды тыңдаған жұмыс тобы оны дер кезінде қарастыратынын айтты. Ақ халатты абзал жандардың алаңсыз жұмыс істеуі үшін мұндай шара карантин аяқталғанға дейін жалғаспақ.
Ұлағат Арғын, Мейрам Исабеков, «Алматы» арнасы