Коронавирус пен пневмониядан бір тәулікте 117 адам көз жұмды

Almaty.tv
Almaty.tv
Жұрттың жанын шүберекке түйдіріп, дүниені бір тарының қауызына сыйдырып жіберген індеттің ізі өшкен жоқ
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда эпидемиологиялық жағдай шиеленіскен күйінде қалып отыр. Жыл басынан бері коронавирус инфекциясының 140 мыңға жуық жағдайы тіркелді. Тамыз айының өзінде 47 мың адам індет жұқтырған. Медицина мамандарының айтуынша, аурудың дельта штамынан көз жұмғандар саны 5 есеге өскен. Шаһардың паталогоанатомиялық орталығынан Almaty.tv тілшісі Оразай Нұртайдың эксклюзивті репортажы.

Жұрттың жанын шүберекке түйдіріп, дүниені бір тарының қауызына сыйдырып жіберген індеттің ізі өшкен жоқ. Коронавирус пен пневмониядан бір тәулікте 117 адам көз жұмды. 1547 қазақстандық өлім мен өмірдің арасында жатыр.

Медицина мамандарының сөзінше, індетті зейнет жасындағылар ауыр өткереді, иммунитеті төтеп бере алмаса, жан тапсырады. Алайда, біз барған мәйтіханадан 42 жастағы ер азаматтың сүйегі шығарылып жатты. Мұның өзі сұм індет жас талғамайтынын көрсетті дейді марқұмның туыстары.

«Мен және туысым ауыр хәлде жаттық. Алайда, өкінішке қарай жақын етім індеттен көз жұмды. Марқұм темекі шекпейтін, жас кезінде спортпен айналысқан. Бірақ бұл ауруды көтере алмады. Көрер қызығы алда еді. Жастай кетті»,– деді марқұмның туысы Егор Антошин.

Ет жақындарын ақтық сапарға шығарып салу үшін келгендер көп. Сағат тілі соққан сайын мәйітті таситын көліктер алма кезек ауысып жатты. Індеттің салдарынан көз жұмғандардың дені 2 апта бұрын ғана ауруды жұқтырып, жансақтау бөліміне түскен.

«Өкпе қатаяды. Өкпе қатайғаннан кейін, ол жерге ешқандай оттегі бара алмайды. Оттегі тасымалдана алмайды. Сондықтан науқастар ауа жетіспей, қайтыс болады»,– деді қалалық патологиялық бюросының бөлім меңгерушісі Сәкен Койбаков.

Эпидемиологиялық зерттеулердің нәтижесі бойынша, жалпы індет жұқтырғандар санының 35 пайызын 20-39 жас аралығындағы азаматтар, 24 пайызын 40-59 жастағы тұрғындар және 23 пайызын 60 жастан асқан қарттар құрайды.

Оразай Нұртай, Сағындық Нарықов,«Алматы» телеарнасы

Новости партнеров