Коронавирус: Шымкентте сақтық шаралары күшейтілді

31.03.2020 03:17

Тиісті органдар үздіксіз рейд жүргізіп жатыр

Liter.kz / Павел Михеев

Талап бәріне ортақ. Шымкентте коронавирус індетінің таралуын шектеу үшін сақтық шаралары күшейтілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Тиісті органдар үздіксіз рейд жүргізіп жатыр.  Алдымен ескерту беріп, елемегендері жауапқа тартылды. Бұл жолы сақтық шараларына салғырт қараған дәмханалар қатаң жазаланды.

Бұл қала орталығындағы дәмханалардың біріндегі салғырттық. Төтенше жағдай кезінде сақталуы тиіс талаптарды орындамаған кәсіпкерге ескерту беріліп, хаттама толтырылды. Ал, өзге де тиісті талап сақтамағандарға осындай шара қолданылды.

Індеттің таралуын шектеу басты мақсат. Сондықтан қазір қаланың барлық арнайы қызметтері күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. 28 наурыздан бастап, қосымша шектеу шаралары енгізілді. Қаланың бас санитарлық дәрігерінің қаулысы жарияланды. Қаулыда кәсіпкерлік нысандарына қойылатын арнайы талаптар да көрсетілген. Сала мамандары бизнес өкілдерінің қаншалықты деңгейде ережені орындап жатқанын тексеру үшін үздіксіз рейд ұйымдастыруда.

«Ол жердегі біздің бірінші қоятын талабымыз – кірген жерде міндетті түрде дизенфекциялық кілемше төселу керек жерде және осы тұтынушылардың қолдарын залалсыздандыруға арналған антисептикалық санитайзер орнатылуы керек. Және мынау қоғамдық тамақтану орындарында үстелдердің арақашықтығы 2 метр болуы керек. Және келгендердің температурасын өлшеуге арналған арнайы аспап болуы керек. Сол жерге кірген кезде жұмыс жасайтын қызметкерлердің бетпердесі және қолдарында бір реттік киетін қолғабы болуы керек. Ол бетпердені әр үш сағат сайын ауыстырып тұруы керек. Біздің қоятын талаптарымыз осы», – деді Әл-Фараби ауданы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы басшысының орынбасары Айнұр ПЕРНИЕВА.

Тәртіп сақшылары төтенше жағдай кезінде іске асырылатын талаптардың сақталуын да қадағалап жатыр. Бұл жолы төтенше жағдай режимін бұзған 5 кәсіпкерлік нысанды анықтап, хаттама толтырды.

«Біз қазіргі таңда төтенше жағдайға байланысты әкімшілік аумақты Республика даңғылы, Момышұлы көшесі бойындағы кафе, мейрамхана, барлар бойынша жеке кәсіпкерлердің санитарлық ережені сақтау тәртібі бойынша әкімшілік қызметкерлері, СЭС қызметкерлері бірлесе отырып рейдтік іс-шаралар жүргізіп, көпшілікке түсіндірме жүргіздік. Өрескел тәртіп бұзған жеке кәсіпкерлер анықталған жағдайда ҚР әкімшілік құқық бұзушылық Кодексінің 476-бабына сәйкес, әкімшілік хаттама толтырылуда», – деді Әл-Фараби аудандық полиция басқармасының ЖПБ бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Мерс ШОЙЫНБАЕВ.

Айта кетейік, Шымкентте барлық тойхана уақытша жабылып, кафелер мен тамақтану орындарының жұмыс уақыты 18:00-ге дейін қысқартылды. Ережені елемегендерінің алды айыппұл төлеп, жиырмадан аса кәсіпкер жазаға тартылды.

Ардақ Жақсылықова, Нұрболат Әмір, «Алматы» телеарнасы, Шымкенттен