|
09.05.2020 | 21:08
33068

Елімізде алғаш рет COVID-19 инфекциясын анықтайтын жылжымалы тест орталығы ашылды

Жылжымалы тест орталығы Әл-Фараби көшесінің бойындағы «Нұрлы Тау» бизнес орталығының алдында орналасқан

Елімізде алғаш рет COVID-19 инфекциясын анықтайтын жылжымалы тест орталығы ашылды almaty.tv

Елімізде алғаш рет COVID-19 инфекциясын анықтайтын жылжымалы тест орталығы ашылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Орталықтың ерекшелігі сол – елген адамдар көліктен түспей-ақ тест тапсыра алады. Оңтүстік Кореядан енгізілген бұл тәсіл мемлекет тарапынан қолдау тауып, бүгін Алматыда бірінші пункті іске қосылды.

Жылжымалы тест орталығын Оңтүстік Корея елі вирустың өршіп кетпеуі үшін жасап шығарған. Қала әкімдігінің тікелей қолдауымен мұндай орталық енді Алматыда да азаматтарды қабылдай бастады. Дәлірек айтсақ, кез келген азамат арнайы орынға келіп автокөлігінен түспей-ақ  COVID-19  инфекциясына тест тапсыруына болады. Мамандардың сөзінше, мұндай әдіс коронавирусты анықтаудың ең тиімді әрі ұтымды жолы.

«Оңтүстік Корея елі Қытайдан кейінгі коронавирусты жұқтырған екінші ел. Мұндай диагностикалық орталықтар біздің елде көп жасақталды. Сондықтан да бұл бізге індетті дер кезінде жеңуге себеп болды. Бұл әдіс әлемдік медицинада инновация болып,  АҚШ, Ұлыбритания сияқты елдерде кеңінен қолданылып жатыр. Орталықтың Қазақстанға жеткеніне қуаныштымыз және тез әрі қауіпсіз диагностика арқасында коронавирустың таралу саны азаяды деген үміттенеміз», – деді  Оңтүстік Корея республикасы Денсаулық сақтау  индустриясын дамыту институтының директоры Ким Ли ХЕ.

Бұл әдіс инфекцияның жұғу мүмкіндігін азайтады әрі қосымша дезинфекциялық жұмыстарды қажет етпейді. Өйткені машина ішінде отырған адам мен дәрігер арасында байланыс аз болады. Ал медицина қызметкерлері қорғаныс киімдерін қайта ауыстырып әуре болмайды. Келушілердің де уақыты үнемделеді. Алынған биоматериал арнайы зертханаға жөнелтіледі. Сонда 6 сағаттай сараптамадан өтеді.  

«Зертханада он маман жұмыс істейді. Біз мұнда 25 мың реагент әкелдік. Оның 15 мыңы наурыз айынан бері қолданылды. Енді он мыңы қалды. Тағы 50 мың реагент жеткізуді жоспарлап отырмыз», – деді  Seegene зертханасының директоры Ким Де ЕНГ.

Тест ПЦР әдісі, яғни мұрын мен ауыз қуысынан жығынды алу арқылы жүзеге асады. Нәтижесі тапсырған уақыттан кейін бір тәулік ішінде белгілі болады екен. Құны 15 500 теңге тұратын тест түрін кез келген азамат тапсыруына болады. Бірақ коронавируске күдік болса немесе алғашқы белгілері байқалса, ондай пациенттер ауруханаларда тегін тест тапсырады. Яғни бұл орталық көбіне өз еркімен тест тапсырғысы келетін азаматтарға арналған.

«Әлеуметтік әлжуаз топтарға, олардың ішінде осы коронавирус белгілері бар болатын болса, тексеру шығыны ескерілген. Мемлекет және денсаулық министрлігі тарапынан тегін өткізіледі», – деді қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Тілеухан ӘБІЛДАЕВ.

Жылжымалы тест орталығы Әл-Фараби көшесінің бойындағы «Нұрлы Тау» бизнес орталығының алдында орналасқан.

Мамандардың сөзінше, қалада алдағы уақытта тағы қосымша осындай жылжымалы орталықтар ашылатын болады. Ал бүгін іске қосылған орталық аптаның жеті күнінде таңғы сағат 09.00-дeн күндізгі 16:00-ге дейін жұмыс істеп, халықтан анализ қабылдайды.

Назкен Еркін, Валерий Таубалдиев,  «Алматы» арнасы


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир