|
26.10.2020 | 21:13
3216

Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Жыл волонтері» халықаралық сыйлығы тағайындалды

Жыл соңында ең белсенді еңбек еткен үздік волонтер анықталады

Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Жыл волонтері» халықаралық сыйлығы тағайындалды Almaty.tv

Жыл соңында ең белсенді еңбек еткен үздік волонтер анықталады. Ол үшін Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Жыл волонтері» халықаралық сыйлығы тағайындалды. Байқау әлеуметтік және қоғамдық міндеттерді шешуге үлес қосқан еріктілерді және волонтерлік ұйымдарды көтермелеуге бағытталған. Өтінішті әлемнің түкпір-түкпірінен өзін үздік волонтерға лайықтымын деп есептеген кез келген жас бере алады. Үздік додада бағын сынайтындардың арасында алматылық белсенді жастар да бар. Almaty.tv тілшісі Ұлағат Арғын қатысушылармен тілдесіп келді.

Жәнібек Солтанай қаладағы Асфендияров атындағы медицина университетінде оқиды. Болашақ дәрігер пандемия кезеңінде үйінде бос жата алмай, еріктілер қатарына қосылып, қауіпті індетпен күресте дәрігерлер мен бірге аянбай қызмет етті. Кейіннен оның еңбегін Президент бағалап «Халық алғысы» төсбелгісін тақты. Оқуға түскеннен бастап белсенділер қатарынан көрініп келе жатқан ол енді халықаралық байқауға қатысып, бағын сынамаққа бекініп отыр.

«Пандемия кезінде ерікті болуымның арқасында мен өзімді толыққанды дәрігер ретінде сезіндім. Өйткені алдағы уақытта науқастармен жұмыс істеймін, сол себепті карантин кезінде үлкен тәжірибе жинадым. Өзіме үлкен жауапкершілік артқанын сезінген болатынмын», – деді «Қазақстанның медициналық жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Жәнібек Солтанай.

Байқауға қатысу үшін qazvolunteer.kz интернет-платформасында өтінім беріп, волонтерлік қызметі туралы деректерді толтыру қажет. Өтінімдерді қабылдау 26 қазаннан бастап 15 қарашаға дейін жүргізіледі. Байқаудың бірінші кезеңінде сайт арқылы ашық онлайн-дауыс берсе, екінші кезеңінде олардың жұмыстарын конкурстық комиссия бағалайды.

«Оның ішінде үздік волонтерлік ұйым, үздік волонтер, ұжымдық волонтерлікті дамытып жатқан ұйымдар деген сияқты 10-нан астам номинация бар екен. Енді, расымен де, әділетті түрде өз үлесін қосқан, еңбегін қосқан еріктілер үздіктердің қатарынан көрінеді деп білеміз. Бүгін ғана өтініштерді қабылдау басталды», – деді Jas Otan жастар қанаты қалалық филиалының төрағасы Мәди Ахметов.

7 мың санитарлық пакет, мыңнан астам қаланың егде жастағы адамдарын ыстық тамақпен қамту, 800 дәрігерге алғыс қоржындары мен құны 3 млн теңге болатын антисептиктерді таратып беру. Бұл ауқымды жұмыстардың бәрі де алматылық еріктілердің атқарған еңбегі.

«Көзбен көрмесең, өтірік сияқты болады. Осында жүрген еріктілердің өзі таңғы сағат 08.00-де келіп, кей күндері қонып та қалды. Кейде түнімен жүрді. Айтқанымдай, гигиеналық келген заттардың бәрі орталыққа келеді, одан кейін оны топтастырып салып, бөлген кезде бізге сол кезде керек болды, еріктілердің күші», – деді ерікті Бибінұр Байжігітқызы.

«Жыл волонтері» атты байқауда үміткерлер 16 номинация бойынша бақ сынайды. Нәтижесінде әр номинация бойынша 3 жеңімпаз анықталады. Байқау Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен жүзеге аспақ.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир