Төбесі түн ортасында опырылып түскен: Әкімдік қауқарсыз, тұрғындар апатты үйде тұруға мәжбүр

Аlmaty.tv
Аlmaty.tv
Петропавл қаласы бойынша 19 көпқабатты апатты үй тіркелген
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Петропавл қаласындағы екі қабатты үйдің тұрғындары апатты үйде өмір сүріп жатыр. Ал, ондағы тұрғындар басқа барар жер болмаған соң паналауға мәжбүрміз дейді. Тіпті, кеше  көпқабатты үйдің төбесі де құлап түскен. Жұрттың жанайқайын тыңдап келген өңірдегі Almaty.tv тілшісі айтып берсін.

Бұл – Петропавл қаласының кіре берісінде орналасқан екі қабатты үй. Бүгінде баспалдақтары шіріп, қабырғаларына жарық түскен. Людмила Степанова осы үйде 40 жылдан немерелерімен бірге тұрады. Өткен демалыс күні бір бөлмесінің төбесі түн ортасында опырылып қалған. Ал, 5 жылдан бері үй кезегінде тұратын зейнеткер басқа барар жерім болмаған соң апатты үйде тұруға мәжбүрмін дейді.  

«Міне, мыналардың үшеуі  5 сантиметрден өте  ауыр. Бір-біріне бекітілген, көрдіңіз ғой. Мен диванда жатқам теледидар көріп, сықырлап жатқан дауыс естідім. Жай жарылып, сықырлап қоятын шығар деп ойладым. Сосын біреуі ілініп тұрды. Мына жағынын жарылып, жарығы үлкейіп кетті. Мен тұрып қарадым. Ары қарай  кетіп үлгеріп едім, төбе құлап түсті. Мен не істерімді білмей қорқып, тұрып қалдым», – деді  қала тұрғыны  Людмила Степанова.

Ал мына үйде Борис Лапшин жалғыз өзі тұрады. Бұл пәтердің де төбесі опырылған. Сорақысы сол, апатты үйге осы уақытқа дейін ешкімнен ешқандай көмек болмаған.

«Үйдің шатыры болмағанда, барлығы осылай құлап түсті. Содан кейін одан әрі құлап түспесін деп ағаш қойып қойдым», – деді қала тұрғыны Борис Лапшин.

Жергілікті әкімдік өкілдері тұрғындардың үй кезегінде тұрғанынан да, ғимараттың апатты жағдайда екенінен де хабардар. Алайда үй кезегін күтуден басқа біз қайыр жасауға қауқарсызбыз деді.

«Жамбыл Жабаев көшесі 20 мекен-жайындағы үй 2014 жылы «Стадия» ЖШС аккредиттелген мекмесінің тексеріс актісіне сәйкес апатты деп танылды. Сол кезден бері үй иелері әкімдік кезегінде тұр. Ал қазір біз әкімдік тарапынан ешқандай көмек көрсете алмаймыз. Өйткені үй апатты деп танылған. Яғни, оған күрделі жөндеу жүргізе алмаймыз. Сондықтан тек қана кезекті тосу керек. Ал кезекті заң бойынша ешкім уақытынан бұрын жылжыта алмайды», – деді қалалық тұрғын үй инспекциясының өкілі Ерсайын Альясов.

Жалпы Петропавл қаласы бойынша 19 көпқабатты апатты үй тіркелген. Осы үйлердегі барлық тұрғындар үй кезегінде тұр.

Новости партнеров