Лонг-ковид синдромы адам денсаулығына қалай әсер етеді

almaty.tv
almaty.tv
Лонг-ковид синдромы әсіресе «дельта» мен «лямбда» штаммын жұқтырған адамдар үшін аса қауіпті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Коронавируспен ауырып жазылған алматылықтарды ковид синдромы әлі де мазалайды. Бір жылдан астам уақыт өтсе де, сауыққан адамдар дәм мен иіс сезуден қалып, кейбіреуінде шаш пен тістің түсуі байқалған. Лонг-ковид деп аталатын бұл синдромның тағы қандай белгілері болуы мүмкін? Толығырақ Almaty.tv тілшісі тарқатады.

Педиатр Раушан Қарышалова коронавирусты өткен жылы індет өршіп тұрған шақта, яғни, маусымда жұқтырған. Бір апта емделіп, жазылып шығыпты. Алайда аурудың салдары оны әлі күнге мазалайтын көрінеді. Ұйқысыздық дендеп, шаршап, әлсіреу тұрақты күйге айналған. Осы тұста мамандар дерттен айыққан соң ағзаның толық оңалуына вакцина жақсы әсер ететінін айтады.

«Мен вакцинаны алғашқылардың бірі болып алғанмын. Екі компонентін де салғыздым. Енді күзде тағы екінші мәрте екпе алуды ойлап отырмын. Бұл – кез келген вакцинаның айнымас ережесі», – деді дәрігер-педиатр Раушан Қарышалова.

Сарапшылардың сөзінше, Лонг-ковид синдромы әсіресе «дельта» мен «лямбда» штаммын жұқтырған адамдар үшін аса қауіпті. Бұл вирустардың адам денсаулығына зардабы көп. Ғалымдар жаңа штаммдар өте қауіпті дейді. Инфекция денені өлтірмесе де, мүмкіндігінше көп адамға жұғуға бейім келеді екен.

«Жаңа белгілерінің бірі асқазан-ішек жолдарының аурулары көбейді. Бірақ өлім деңгейі сол қалпы немесе тіпті сәл төмен болып қалып отыр. Яғни, вирустың эволюциясы өлімді көбейтуге емес, неғұрлым оңай әрі кеңірек тарауға ығысқанын байқаймыз», – деді «Қоғамдық денсаулық жоғары мектебі» эпидемиология, биостатистика және дәлелді медицина кафедрасының доценті Рафаиль Қыпшақбаев.

Лонг-ковид синдромы коронавирусқа шалдыққандар арасында жиі кездеседі. Қауіпті инфекцияның салдарымен күресудің ең жақсы әдісі – салауатты өмір салты, дұрыс тамақтану, сапалы ұйқы. Сондай-ақ, дәрігерлер денсаулықты бақылап отыратын заманауи гаджеттерді де қолдануға кеңес береді.

«Мысалы, мендегі мына фитнесс браслет қатты қымбат емес, ыңғайлы. Бастысы онда жүрек соғысыңыз туралы ақпарат көрсетіліп тұрады. Қандағы сатурация деңгейі, жалпы жай-күйіңізді анықтауға болады. Бұл пациентке де дәрігерге қаралатын болсаңыз, оған да пайдасы тиеді», – деді жоғары санаттағы дәрігер-невролог Айгүл Құдайбергенова.

Дегенмен мамандар коронавируспен ауырғаннан кейін дененің қалыпқа келуінің бірден бір тәсілі вакцина болып қала беретінін ескертеді.

Назкен Еркін, Денис Земцов, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров