Алматыда соңғы бір айда карантин шараларын бұзған 761 нысан анықталған

10.11.2020 в 02:18

Мониторингтік топтардың алдағы жұмысы қалай жалғаспақ?

Жаһанды жайлаған індеттің жаппай таралуына жол бермеу үшін қалада мониторингтік топтар қарқынды түрде жұмыс жүргізіп жатыр. Соңғы бір айда шаһарда 32 тексеріс тобы іске қосылған. Олар сегіз аудан бойынша санитарлық талаптардың сақталуын күндіз-түні тексереді. Осы уақытқа дейін қанша рет тәртіп бұзылды? Заңға бағынғысы келмейтіндерге қандай жаза қарастырылған? Мониторингтік топтардың алдағы жұмысы қалай жалғаспақ? Almaty.tv тілшісі Жанар Ғаниқызы тарқатады.

Алматы қаласы әкімінің қаулысына сәйкес әр ауданда 4 мониторингтік топ құрылып, жұмыс істеп жатыр. Олар 8 қазаннан бері шектеу шараларының сақталуын күн демей, түн демей тексереді. Бекітілген ережеге сәйкес, қоғамдық тамақтану орындары түнгі сағат 23:00-ден кейін жұмыс істемеуі керек, бұқаралық іс-шараларды өткізуге тыйым салынған. Онымен қоса, қоғамдық орындарында міндетті түрде маска тағып, әлеуметтік арақашықтықты сақтау шарт.

«Қазақстан Республикасының бас санитарлық дәргерінің қаулысына сәйкес карантиндік режимді бұзған объектілерді барып тексеріп, жұмыс жасау талаптарын ескертіп жатамыз. Алматы қаласы мониторлық топтары жасап жатқан жұмыстарын қарқынды түрде жалғастыра береді. Біздің басты мақсатымыз – мына пандмияның, яғни коронавирустың біздің азаматтарға осы қаланың ішінде ары қарай таралмауын қамтамасыз ету», – деді Алматы қаласында короновирустың таралуына жол бермеу жөніндегі комиссия мүшесі Рауан Есіркенов.

Мониторингтік топ бір айда жүргізген тексеріс барысында 307 хаттама толтырған. Оның ішінде 34 заңды тұлғаға 14 млн 667 мың 840 теңге көлемінде, және жеке тұлғалардың маска режимін бұзғаны үшін 273 хаттама толтырылып, 11 млн 375 мың 910 теңгеге айыппұл салынған.

«Тәртіп бұзушылық болған кезде Қазақстан Республикасы әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 425 бабы,1-тармағына сәйкес 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынып жатады», – деді Алматы қаласында короновирустың таралуына жол бермеу жөніндегі комиссия мүшесі Рауан Есіркенов.

Ал қала тұрғындары болса, мұндай күшейтілген тексеріс жұмыстарының маңыздылығын жақсы түсінеді. Бұл – ең алдымен халық саулығы үшін, сондықтан әр азамат асқан жауапкершілікті ұғынуы керек.

БЛИЦ-1: Дұрыс қой барлығы. Тексеру керек, күшейту керек.

БЛИЦ-2: Қазіргі уақытта осындай қиын кезеңде жатқанда қандай қыдыру деген, қандай той?!

БЛИЦ-3: Үйде отыру керек. Адмдар өзін ойламаса да, туыстарын ойлауы керек, айналасын ойлауы керек.

Айта кетейік, 8 қазаннан бері Алматы қаласында 3245 мекемеде 386 рейд жұмыстары жүргізіліп, карантин шараларын бұзған 761 нысан анықталған. Мұндай тексеріс жұмыстары алдағы уақытта да жалғаса беретін болады.

Жанар Ғаниқызы,  Ялкунжан Ашимжанов  «Алматы» телеарнасы