«Коронавирусқа қарсы вакцинаның сынағына қаттысаңыз, 200 мың теңге беріледі». Таң қалмаңыз, бірақ тараздық емханалар осы мағынадағы хабарламаларды халық арасында таратып жатқан көрінеді. Онда тіпті арнайы талаптар да белгіленіпті. Әлем таппай жатқан вакцинаны өңірлік дәрігерлер қайдан алмақ? Аймақтағы әріптесім Almaty.tv тілшісі Мерей Бает жарқын жаңалық жайында зерделеп көрді.
Тараздық тұрғындарға таратылған бұл хабарлама, әркімге әртүрлі әсер етіп жатыр. Хабарландыруда «коронавирусқа қарсы вакцинасын салу пилотты жобасы іске асып жатқаны жазылған». Сонымен қатар, ерікті барлық талапқа сай болуы керек делінген. Соңғысы сараптамадан кейін пилотты жобаға қатысқан адамға бүкіл әлемдік денсаулық сақтау ұйымы 200 000 теңге көлемінде сыйақы тағайындалатынын көрсеткен. Ақпаратты білмекке бірнеше емханаға хабарластық.
- Басқа ауданның тұрғындары бола ма?
- Мен өзіме тіркелген емханаға тіркелген адамдарды ғана жібере аламын. Қай емханаға тіркелдіңіз, сол емханаға барып сұрасаңыз болады. Қазір барлық жерде салынып жатыр.
Салынып жатыр ғой иә, ақша бере ме?
- 200 мың береді. Заңды, елдер салдырып жатыр ғой. Қазақстанның вакцинасы.
Осы сынды жауапты тағы бірнеше қала емханаларынан да естідік. Ал, денсаулық сақтау басқармасына барғанымызда, ондағылар мұндай ақпараттың шындыққа мүлдем жанаспайтынын жеткізді. Естіген құлағымыз жазақты болып, ақыры қалалық №6 емханаға бас сұқтық. Мекеме басшысының сөзінше, басшылық барлық бас дәрігерді жиып, аумағына қарай 100-ден 200-ге дейін еріктілерді жиюды тапсырған. Келіп жатқандар баршылық дейді. Хабар таратылғаннан бастап бір емхананың өзінде 41 тұрғын сыйақыны алу үшін, өзіне вакцина салуға келіскен.
«200 мың теңгені біз төлемейміз, мемлекет те төлемейді. Бізді жинаған кезде, адамдар сынақтан кейін, қаласа заңгерлермен отырып құжатқа қол қояды. Кейін бүкіл әлемдік денсаулық сақтау ұйымы сол қаржыны береді деді. Қазіргі уақытта ешқандай вакцина салып жатқан жоқпыз. Тек дайындық жұмыстары ғана. Ал, біздің қызметкер ақпаратты қателесіп таратқан», – деді №6 қалалық емхананың бас дәрігері Дүйсенкүл Керімбаева.
Бірнеше емхананың мамандары дайындық үшін бейресми тапсырманың болғанын айтады. Тек вакцина қазір емес, Қазақстанда пайда болып, рұқсат етілгененнен кейін ғана салынады. Дәрігерлер мұны алдын-ала қамданумыз деп түсіндірді. Ал, аумақтық дәрігерлер ақпаратты дұрыс таратпаған көрінеді. Енді олар қызметтік сөгіс алудың алдында тұр.
Мерей Бает, Шыңғысхан Кеңесхан, «Алматы» арнасы, Тараздан