«Нұр Отан» партиясының сайлауалды бағдарламасында әрбір міндет егжей-тегжейлі есептеліп, нақты сандық және мерзімдік өлшемдермен, заңнамалық алғышарттармен толықтырылған, дейді саясаттанушы Расул Жұмалы. Оның айтуынша, бағдарлама дағдарыстан аман шығудың амалы ғана емес, алдағы кезеңдегі дамудың жоспары, деп хабарлайды Almaty.tv.
«5 жылдық бағдарлама болғаннан кейін, осы 5 жылда қалай дамимыз, тек қана мұнайға қарап қалмай, баяғыдан сөз болып келе жатқан диверсификация мәселесін қалай қолға аламыз, қалай іске асырамыз деген жағдайлар және маған ұнаған тұсы – бұл тек қана популизм немесе жалпылама уәделердің жиынтығы ғана емес, әрбір қойылған міндеттер мен мақсатқа жетудің нақты тетіктері көрсетілген», – деді саясаттанушы Расул Жұмалы.
Еске сала кетейік, Алматыдан сайлауда 7 кандидат бақ сынағалы жатыр. Олар Артур Платонов, Бекқали Торғаев, Жұлдыз Сүлейменова, Алтынай Көбеева, Константин Авершин, Шухрад Шардинов және Мәди Ахметов. Бұл азаматтардың барлығы халық қалаулысы болуға лайық, дейді саясаттанушы Бауыржан Серікбаев.
«Ең басты нәрсе оның барлығы құр сөз, уәде емес. Мемлекетті басқарушы, қазір билікте отырған партия болғандықтан, Қазақстанның жалпы ішкі экономикалық мүмкіндігін, барлығын елеп, екшеп, бүгінгі біздің экономикамыздың шамасы жете алатынын біліп, осындай бағдарламамен халық алдына шықты. Байқасаңыздар, «Нұр Отан» партиясының қазіргі кезде Мәжіліс депутататтығына ұсынып отырған депуттардың көбісі елге белгілі, танымал, тәжірибелі мамандар», – деді саясаттанушы Бауыржан Серікбаев.