Алматы әкімінің орынбасары Е. Бабақұмаров қаланы дезинфекциялау құралдарымен жабдықтау жұмыстарын сынға алды

Алматы әкімінің орынбасары Е. Бабақұмаров қаланы дезинфекциялау құралдарымен жабдықтау жұмыстарын сынға алды
202 мектепте, 183 балабақшада, қосымша 18 білім беру ұйымдарында, 20 колледжде 1859 бірлік антисептик орнатылды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы қаласы әкімінің орынбасары барлық қоғамдық орындарда қолды жуу және өңдеу үшін санитайзерлермен қамтамасыз ету бойынша ұсыныстар берілгенін хабарлады. 202 мектепте, 183 балабақшада, қосымша 18 білім беру ұйымдарында, 20 колледжде 1859 бірлік антисептик орнатылды. Коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі өңірлік штаб төрағасы Ержан Бабақұмаров дезинфекциялық және антисептикалық құралдармен жабдықтау жұмыстары жекеменшік білім беру мекемелері, университеттер, базарлар, Халықтық қызмет көрсету орталықтарын, мешіттер, банк пен Қазпошта бөлімшелерін, автовокзалдар, қонақ үйлер, кинотеатрлар мен қоғамдық көліктерді сынға алды. Олардың зарарсыздандыру және антисептикалық өңдеу жөніндегі негізгі ұсыныстарды толық көлемде орындамайтынын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Медицина колледжінде оқитын Арайлым Сағымбекова соңғы кезде әлемді жайлаған індет жиі мазалап жүргенін жасырмайды. Айтуынша, қоғамдық көлікпен көп қатынайтын ол автобус пен метро бекеттерінде антисептикалық заттар көбірек орнатылса дейді.

«Өйткені, үйден колледжге, одан үйге келем. Телевизордан айтып жатыр. Жеке бас гигинесын сақтауды айтады мұғалімдеріміз. Былай онша байқамадым. Қоғамдық көліктерде жоқ, кездестірмедім», - деді студент Арайлым САҒЫМБЕКОВА.

Біз де метроға бас сұқтық. Алайда коронавирустан сақтану жөнінде еш ақпарат таба алмадық. Есесіне жарнамадан көз сүрінеді. Қала тұрғындары әлемді алаңдатқан індет келе жатқанда адам көп шоғырланатын орындарда алдын-алу шаралары мейлінше күшейтілсе екен дейді.

«Антисептик немесе спирт сияқты сұйықтықтарды қойып қойса жақсы болар еді. Адамдар қолдарын тазартып отырар еді. Себебі, бұл көбінесе қолдың таза болмағанынан берілетін ауру болып табылады», - деді тұрғын

«Қоғамдық көліктерде адамдар ұстап жатыр ғой, ұмытып кетеміз.  Бетімізді, көзімізді ұстаймыз. Негізінде болу керек деп ойлаймын», - деді келесі бірі.

Біз болған Алматы метросындағы Жібек жолы мен Әуезов бекеттерінен короновирус туралы ақпарат пен антисептикалық заттарды көзіміз шалмады. Сондықтан әр тұрғын өзінің жеке басының қауіпсіздігі үшін вагоннан шыққан кезде қолыңызды мұқият тазалап жүргеніңіз абзал.

Автобустардағы жағдай да солай. Біз мінген 65-ші бағыттағы қоғамдық көлікте індет туралы еш ақпарат жоқ. "АвтоАлматранс" ЖШС-не тиесілі автобусындағы экрандарда бірыңғай жарнама көрсетіліп жатыр. Ал антисептикалық заттар атымен жоқ.  

«Менің ойымша егер осындай антисептикалық заттар қойылса жақсы болар еді. Себебі, автобусқа жүздеген адамдар кіреді. Көптеген қолдар ұстайды. Неше түрлі аурулар жұқтыруы мүмкіндігі жоғары қазіргі таңда», -деді бір тұрғын.

«Қорқамыз ғой жұқпалы ауру деген соң. Сондықтан қоғамдық орындарға қойғаны дұрыс шығар», - деді келесі бірі.

Айта кетейік, қалада қауіпсіздік шаралары күшейтілген. Халық көп шоғырланатын қоғамдық орындарда короновирустың алдын-алу шараларын белсенді жүргізу тапсырылған болатын. Оны дер кезінде орындамағандар жазаланатын болады.

Құрметті көрермендер! Егер сіздер қоғамдық орындарда немесе көліктерде санитарлық талаптар сақталмағанын байқасаңыз біздің арнамызға хабарласып шағым қалдыра аласыз. Біздің тілшілер міндетті түрде жағдайды бақылауға алатын болады.

Қуан Нұрақын, Қобылан Әлдибеков, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров