Алматыда бизнесті қолдаудың мемлекеттік және аймақтық бағдарламалары сәтті жүзеге асырылып жатыр

Almaty.tv
Almaty.tv
Былтыр 74 мыңнан астам кәсіпкер салықтық жеңілдіктерге ие болған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Әлемді жайлаған пандемия барлық дерлік сала үшін үлкен соққы болып тиді. Десе де отандық кәсіп иелері ауыр кезеңде қолдаусыз қалған жоқ. Мәселен, бір ғана Алматының өзінде былтыр 74 мыңнан астам кәсіпкер салықтық жеңілдікке ие болды. Сондай-ақ, несиесі бар бизнес өкілдерінің қарызды өтеу мерзімі кейінге қайтарылды. Ал, пандемия жағдайында мемлекет тарапынан жеңілдіктер жалғаса ма? Қолдауға мұқтаж кәсіп иелері қайдан көмек сұрай алады? Almaty.tv тілшісі Сымбат Ноғайдың бейнематериалында. 

Алғаш карантиндік шектеулер күшіне енгелі шаһарда несиені жеңілдік шарттармен қайта қаржыландыру, зардап шеккен салалар үшін салықтық ынталандыру шаралары қабылданды. Мәселен, былтыр 74 мыңнан астам кәсіпкер салықтық жеңілдіктерге ие болған. Төмен мөлшерлеме бойынша бір мыңнан астам жоба қаржыландырылды.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет бизнесті, сондай-ақ халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдаудың теңдессіз шараларын әзірледі. Бұл өткен жылы жағдайды бақылауда ұстауға және экономикалық жағдайды тұрақтандыруға мүмкіндік берді. Кәсіпкерлердің тиімді жұмыс істеуі үшін біз өзара тиімді және ұзақ мерзімді экономикалық қарым-қатынасты қалыптастыру үшін жағдай жасаймыз», – деді қала әкімінің орынбасары Ілияс Өсеров.

Сондай-ақ, 323 кәсіпкер коммуналдық меншік нысандарында жалдау ақыларын төлеуден босатылды. Биылғы жылдың қаңтар айында қалалық кәсіпкер Гүлнар Мамаеваға да маусымның соңына дейін жалдау ақысынан босатылғаны туралы хабарлама келеді. Бірнеше жыл бұрын қаладағы екі мектепте өз асханасын ашқан кәсіпкерге де пандемия оңай тимеген.  

«Пандемия басталғалы алғаш рет 16 қаңтар қайта ашылдық. Алайда қуанышымыз тек 2 айға ғана созылды. Осы ретте мемлекетке, Президентке және Атамекен палатасы мен жауапты басқармаларға алғыс айтқым келеді. Бұл қолдау біз үшін үлкен көмек. Дегенмен кәсіпкерлер атынан жалдау ақысынан босатудың мерзімін тағы да ұзартса деген тілегіміз бар», – деді кәсіпкер Гүлнар Мамаева.

Алматыда бизнесті қолдаудың мемлекеттік және аймақтық бағдарламалары сәтті жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, биыл қалада «Бизнестің жол картасы 2025», «Қарапайым заттар экономикасы», Almaty Business-2025 бағдарламалары аясында мыңнан астам жобаны іске асыруға 44 млрд теңге бөлінді. Өз кәсібін ашып немесе бар бизнесін дөңгелету үшін көмек алғысы келетін азаматтардың «Қолдау» орталығына барып тегін кеңес алуына мүмкіндік бар.

«Бізде кәсіпкерлік «Қолдау» орталығы бар. Байзақова 303-те орналасқан. Кез-келген бизнесті ашам деген адам осы жерге келіп кеңес ала алады. Қалай ашу керек, не керек, қандай құжат тапсыру керек, қай жерге бару керек, несие керек бола ма, қандай жеңілдіктер бар, қандай үкіметтік бағдарламалар жөнінде көмектесе алады», – деді қалалық кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы басшысының орынбасары Қанат Сағындықов.

Онымен қоса, қала банктерінен азаматтарға 3 трлн теңгеден астам несие берілген. Оның ішінде 644 миллиард теңге шағын кәсіп иелеріне тиесілі.

Сымбат Ноғай, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров