Алматының ғалымдары COVID-19-ға қарсы тұратын нановакцина ойлап тапты. Халықаралық вакцинология орталығының 10 шақты маманы дайындаған екпенің ерекшелігі – оны мұрынға тамызады. Жақын уақытта вакцинаның қауіпсіздігі мен тиімділігін тексеру үшін жануарларға егу жұмыстары басталмақ. Қазақ ұлттық аграрлық университеті қарамағынан биылғы жылдың мамыр айында құрылған Вакцинология орталығы бұл істі Масғұт Айқымбаев атындағы аса қауіпті инфекциялар Ұлттық ғылыми орталығымен бірлесе атқаруда. Almaty.tv тілшісі Сая Меңдеке тарқатады.
Қайсар Табынов – 17 жыл бойы 10-ға жуық вакцина әзірлеуге қатысқан білікті, жас маман. Ол өз тәжірибесінде құс тұмауына, доңыз тұмауына, маусымдық тұмауға қарсы екпе жасауға қатысып, оның екеуін мемлекеттік тіркеуге қойған. COVID-19-ға қарсы жаңа вакцинаның артықшылығы егуге ыңғайлы болмақ дейді ғалымның өзі. Екпеге ерте қол жеткізудің баламалы жолы бар. Ол үшін АҚШ-тың Огайо университетімен және Австралияның Vaxine компаниясымен бірлесе жұмыс жасалуда.
«Қазіргі таңда Қазақстанда екі түрлі стратегия ұсынылды. Біріншісі вакцинаны өз елімізде жасап, халқымызды қамтамасыз ету. Бұл жақсы жол, бірақ өте ұзақ жол. Ал екіншісі – бұл шетелдік мамандармен, компаниялармен бірлесіп, консорциум құру арқылы бұл процесті жеделдету», – деді Қазақ ұлттық аграрлық университеті жанындағы халықаралық вакцинология орталығының жетекшісі, профессор Қайсар Табынов.
Коронавирус індетіне төтеп беретін вакцинаның өзі Халықаралық вакцинология орталығында жасалса, оны зерттеу жұмыстары Масғұт Айқымбаев атындағы аса қауіпті инфекциялар Ұлттық ғылыми орталығында жүргізіледі.
Орталықтағы мына электронды микроскоп арқылы вирусты көруге болады. Бұл бірегей құрал арқылы вакцинаның нанобөлшектерін 500 мың есе үлкейтіп көруге мүмкіндік бар.
Ұлттық ғылым академиясының профессоры, академик Мұрат Жұрынов коронавирус індетінің қауіптілігі сағат сайын өзгеріп отыратынында дей келе, оған қарсы вакцина дайындаудан гөрі, дәрі әзірлеу дұрыс деп есептейді.
«Ұлттық ғылым академиясы бір жыл бұрын мәлімдеме жасағанымызда, дәрі-дәрмек дайындау керек екенін айтқанбыз. «Медицинский препарат широкого антивирусного действия» орысша айтқанда. Барлық түрін қайтаратындай, барлық түрін қамтитын дәрі керек. Осыған қарсы арнайы дәрілер жылдың аяғында немесе келесі жылдың жартысында шығады», – деді ҚР ҰҒА Президенті Мұрат Жұрынов.
Бүгінгі күні әлемде коронавирус індетіне қарсы 150-ге жуық вакцина дайындалуда. Оның 10-нан астамы қазір клиникалық зерттеулер деңгейіне жеткен деді вакцинология орталығының жетекшісі. Ал, отандық жас мамандар шет елдік әріптестермен біріге бұл екпенің тез әрі сапалы дайындалуына және қолжетімді болатынына сенімді.
Сая Меңдеке, Айдос Байназаров, «Алматы» телеарнасы