Алматы «қызыл» аймақта тұр
Алматы «қызыл» аймақта тұр. Қаламыздың бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин жаңа қаулы бойынша карантин шараларының күшейтілгенін жариялады. Десе де сақтық ережесін елеп-ескермейтіндер де бар екен. Жазылып шықтым деп жағаны жайлауға салып, сақтыққа салғырт қарайтындар көп, өкінішке қарай. Ал, қоғам қалай сақтанып жүр? Almaty.tv тілшісі Айзада Биданның материалымен қорытындыласақ.
Біз дәл қазір қаланың біріндегі аялдамада тұрмыз. Мұнда адам көп шоғырланатын орын болғандықтан вирусты жұқтырудың қаупі де жоғары болуы мүмкін. Сондықтан тұрғындар сақтық шарасын ұстанып жүр ме?
Талап баршаға ортақ. Қоғамдық орындар мен автобустарда бетперде тағу міндет. Десе де ережеге бағынбай, сақтық шарасына салғырт қарайтындар қатары азаяр емес. Түсірілім тобын көрген тұрғындардың бірі қаша жөнелсе, кейбірі иегіндегі бетпердені көтеріп жатты. Тіпті, ұмытып кетіппін дейтіндер де табылды.
Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде. Әр азамат өзінің және айналасындағы адамдардың денсаулығына жауапкершілікпен қарағаны абзал. Бетпердені тағып, арақашықтықты ескерген жөн. Өйткені өзара қарым-қатынас кезінде лас қолдармен түрлі бактерия тасмалдануы мүмкін. Ал маска инфекцияның таралуына жол бермейді.
Блиц:
– Біз қоғамдық орындарда, дүкендерде масканы тағамыз. Мен де құрбымда тексерілген. Біз енді ғана көшеге шықтық. Таза ауада тағудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Ал егер маскасыз бөтен кісі жақындаса, біз оның масканы тағып алуын өтінеміз немесе оған жоламаймыз.
Коронавирус жұқтырғандардың саны күн санап көбейіп келеді. Сақтық шарасы күшейтілмесе, жеңілдеген жоқ. Алайда жалпыға ортақ ережені ұстанбайтындар да табылуда. Бастысы ұмытпаңыз, қарапайым сақтық ережесі сіздің және жақындарыңыздың денсаулығы үшін аса маңызды. Қауіпті індет қыспаққа алмасын десеңіз, бетіңізден бетперде түспесін.
Айзада Бидан, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы