Дезинфекция жұмыстарын қолға алған әскерилер Отан қорғаушылар күнін қызметте жүріп қарсы алды

almaty.tv
almaty.tv
Бүгін қала көшелерін дезинфекциялауға 500 әскери шықса, олардың 150-і Алмалы ауданында жүр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Біраз уақыттан бері дезинфекция жұмыстарын қарқынды жасап жүрген әскерилер Отан қорғаушылар күнін қызметте жүріп қарсы алды. 500-ден астам сарбаз күнделікті коронавируске қарсы тазалық шараларында аянбай қызмет етіп келеді. Мейрам маңызды болса да, халықтың қауіпсіздігі одан да жоғары дейді олар, деп хабарлайды Almaty.tv  тілшісі.

Бүгін қала көшелерін дезинфекциялауға 500 әскери шықса, олардың 150-і Алмалы ауданында жүр. Коронавируске қарсы шараға 14 арнайы техника шығып, 84 мың литрден астам арнайы сұйықтық шаһар көшелеріне шашылды.

«Біз қолайсыз ауа райына, мейрамға және демалыс күндеріне қарамай жұмыс істейміз. Кез келген уақытта тапсырманы орындауға даярмыз. Мұның бәрін тұрғындардың қауіпсіздігі үшін жасап жатырмыз», – деді Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты радио орталығының басшысы

Асқар КАРПЕКОВ.

Сарбаздардың бұл жұмыстары әскери тактикаға да ұқсайды. Себебі көшенің қуыс-қуысын алдымен барлап алып, адамзатқа қауіп төндірген індетпен күрес жүргізеді. Алайда сақтық шаралары қатаң сақталады.

«Отан үшін әрине бәріне дайынбыз. Отан үшін, халқымыз үшін дезинфекция жасап, қолымыздан келгенше көмектесіп жатырмыз», – деді Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының қызметкері  Руслан СӘБИТҰЛЫ.

Әскерилер кез келген уақытта ел тәуелсіздігі мен қауіпсіздігіне қатер төнген жағдайда алдыңғы шепке шығатындар. Ал, олардың вирусқа қарсы күрестегі ерен еңбектері ешқашан елеусіз қалмақ емес.

Қуан Нұрақын, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров