Ішкі Істер министрлігі қызметкерлерін коронавирус инфекциясынан қорғауға өз күшін жұмсауда, деп хабарлайды Almaty.tv.
Полицейлер қызметке кіріскенде «қауіптілігі жоғары топтарымен» жұмыс істейді. Олар медицина қызметкерлері сияқты дертті өздеріне жұқтыру қаупімен бетпе-бет келеді. Осыған байланысты қылмыстық-атқару мекемелерінің барлық тігін цехтарында ішкі істер органдарының қызметкерлеріне арналған қорғаныс құралдарын тігу жұмыстары жүргізілуде. Мәселен, бірінші кезеңде медициналық маскаларды тігу өндірісі жолға қойылған. Бүгінгі күні 1 миллионға жақын қорғаныс бұйымдары дайындалған. Сонымен қатар, полиция қызметкерлеріне арналған арнайы костюмдер өндірісі басталыпты.
«Күнделікті 25 мың полиция қызметкері, 5 мыңнан астам Ұлттық Ұлан, 2 мыңнан астам Қорғаныс министрлігінің қызметкерлері төтенше жағдай кезінде жұмылдырылған. Еліміз бойынша 300-ден астам қорғаныс бекеті қойылған. Жеке құрамды коронавирустан сақтау үшін қылмыстық-атқару жүйесі коллонияларының базасында арнайы қорғаныс құралдарын тігу жұмыстарын қолға алдық. Бұл – көп рет киюге арналған киімдер. Бірінші партияны блок-бекетте қызмет атқаратын елордалық полицейлер алды. Жақын арада қорғаныс комбинезондарымен ІІМ-нің барлық аймақтық бөлімшелері қамтамасыз етіледі», – деді ҚР Ішкі істер министрі Ерлан ТҰРҒЫМБАЕВ.