Қазір қалада COVID жұқтырған 3099 пациент стационарлық ем қабылдап жатыр
Алматыдағы кардиология орталығы ковидпен түскен науқастарды қабылдайтын болды. Сонымен қатар, бірқатар жекеменшік ауруханаларға да коронавирус жұқтырғандарды жатқызуы мүмкін. Бұған себеп - қалада коронавирус инфекциясын жұқтырғандар санының күрт артуы. Осылай деген қалалық қоғамдық денсаулық басқармасы басшысының орынбасары Лаура Мырзағали дәл қазір 6 мың төсек орынның дайын екенін жеткізді. Бұл ретте жедел жәрдем стансасына келіп түскен қоңыраулар да жиілеген. Қала әкімдігі бұл жағдайды ескере отырып, шұғыл әрекетке көшті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қазір мегаполисте індет өршіп тұр. Мәселен, COVID-19 орталығы болып бейімделген фтизиопульмонология ауруханасы дәл қазір 90 пайыз науқастарға толы. Мұнда қауіпті індетті жұқтырған 1-эшолондағы, яғни, аса ауыр жағдайдағы науқастар емеделеді. Дәрігерлердің хабарлауынша, ауру жұқтырғандар мен науқастардың ауруханаға келіп түсуі бұрынғыдан әлдеқайда көбейген.
Бұл қауіпті қызыл аймақтың дәл қайнаған ордасы. Қорғаныш киімдерін қабаттап киген дәрігерлердің жұмысы да екі еселенген. Қалалық қоғамдық денсаулық басқармасының мәліметіне сәйкес, Алматыда соңғы бір аптада тәулігіне 400 адамнан ауруханаға түседі екен. Бұл айығып шыққан науқастардан екі есе көп дейді мамандар.
«Фтизиопульмонология орталығы ковидпен емдеуде 280 орынға жұмыс жасап жатыр. 253 науқас ем қабылдап жатыр. Оның ішінде 27 науқас жансақтау және қарқынды терапия бөлімінде және 40 науқас интенсивті терапия бөлімінде ем қабылдап жатыр», – деді фтизиопульмонология орталығының дәрігер-статисі Гүлсара Тасқарбаева.
Науқастарды ауруханаға дәл осы жерден қабылдайды. Ол үшін ғимараттың артқы жағынан арнайы есік қарастырылған. Қабылдау бөлімшесінде медбикелер мен дәрігерлер бар. Келіп түскен науқас сол мамандардың толық қарауынан өтіп, ауруханаға жатқызылады. Осы есіктен бастап ары қызыл аймақ басталады. Біздің үстімізде арнайы киім болмағандықтан, бізге өтуге болмайды.
Қазір қалада COVID жұқтырған 3099 пациент стационарлық ем қабылдап жатыр. Ал жансақтау бөлімінде 228 науқас бар. Аурухана төсегіне таңылғандардың дені вакцина алмаған дейді дәрігерлер. Үй карантинінде жатқандардың саны 6 мыңға жуықтайды. Бұл өткен айдағы динамкамен салыстырғанда 6 есе көп дейді мамандар. Сонымен қатар, инфекциялық стационарларда төсек орындардың жүктемесі 50 пайыздан асады.
«Науқастарға дұрыс көмек көрсету үшін басқа да стоционарларды қарастырып жатырмыз. Қазіргі кезде бізде 6 мың төсек орын дайын тұрса, оған қоса 5 мың төсек орынды дайындап үлгеруіміз керек. Осыған байланысты қазір қалада жеке меншік стационарлармен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Қосымша қаладағы кардиология орталығын ковид етіп жасаймыз», – деді қалалық қоғамдық денсаулық басқармасы басшысының орынбасары Лаура Мырзағали.
Ал жедел-жәрдем стансасындағы бұл бөлмеде күні-түні дамыл жоқ. Мұнда келіп түсетін қоңыраулар саны соңғы тәулікте 2 есеге көбейген. Бүгінде қалада 11 қосалқы стансасы жұмыс істеп тұр. Ондағы бригадалардың саны 200-ден асады.
«Соңғы күндері қалада ковид жұқтырған науқастардың өсуімен бірге біздің жұмыс та артты. Тәулігіне 3 мыңға жуық қоңырау келіп түседі. Орталықта 40 қызметкер ауысыммен жұмыс істейді», – деді қалалық жедел медициналық жәрдем қызметінің директоры Ербол Сәрсенбаев.
Сын сағатта ұжымдық иммунитет қалыптастырудың маңызы зор. Бүгінгідей қауіптің өршіген шағында ауруды ауыздықтаудың бір ғана жолы - ол екпе алу дейді дәрігерлер.
Ұлағат Арғын, Сағындық Нарықов, «Алматы» телеарнасы