Қазақстанда ПЦР-тестке 14 миллиард теңге бөлінеді

06.07.2020 02:39

Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлімдеді

© Sputnik / Абзал Калиев

Қазақстанда тегін ПЦР-тест жасауға 14 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінеді. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.  

«Бөлінген қаражат емхана, стационар сынды медициналық ұйымдарға үлестіріледі. Медициналық ұйымдар жақын маңдағы зертханалармен келісімшарт жасайды. 14 миллиард теңге қаражат бөлінді», – деді Цой.

Қажет болған жағдайда сақтандыру қоры пулды жаңартады. Көрсетілген тест көлемі қаржыландырылады.

Сондай-ақ, брифингке вице-премьер Ералы Тоғжанов қатысты. Ол дәрі-дәрмек тапшылығы мәселесіне тоқталды. Тоғжановтың айтуынша, дәріханаларға антибиотиктер мен дене қызуын түсіретін дәрілер жүйелі түрде жеткізіледі. Алайда тұрғындар препараттардың бір айлық нормасын бірден сатып алып жатыр. Салдарынан дәрі тапшылығы мәселесі туындады.

Вице-премьер алдағы уақытта бұл мәселе толықтай шешілетінін айтты.