Бұдан былай емханалардағы мобильді бригадалар тәулік бойы жұмыс істейтін болады. Бұрын ковидқа ұқсас симптомдары бар науқастардан қоңырау қабылдайтын арнайы топ тек күндіз қызмет ететін. Енді олар 24 сағат бойы байланыста. Мұны мамандар қаладағы эпидахуалдың күрт нашарлауымен байланыстырып отыр. Қызмет жолында тәуекелге бас тіккен батыл жандардың бір күніне Almaty.tv тілшісі Ұлағат Арғын куә болып келді.
Бүгінде Алматыда эпидахуал өршіп тұр. Осы орайда қаладағы мобильді бригадалардың жұмысына да зор жауапкершілік жүктелген. Осындай сын сағатта қызметтері қауіпке толы мамандар науқастарға шұғыл көмек көрсету үшін бір минутқа да тынған емес.
Қалада 234 мобильді бригада ұйымдастырлған. Соның бірі осы №5 қалалық емханада жұмыс істейді. Қазір мекемеде 1-2 адам ғана отыр. Өйткені шақырту көп. Қоңыраудың дені коронавирустың симптомдарына қатысты.
Түсірілім тобымызбен барған сәтімізде орталыққа шұғыл шақырту түсті. 61 жастағы ер азамат коронавирус жұқтырған адаммен байланыста болған. Тұрғынның осымен үшінші күн тамағы ауырып, қызуы көтерілген. Фельдшер де, көлік жүргізушісі де мұндай шағым келіп түссе, бір рет киюге жарамды қорғаныш киімдерін киеді.
«Дене қызуын тексереміз. Сатурациясын қараймыз. Қан қысымын өлшейміз және польюсін өлшейміз. Қан анамнездерін анықтаймыз және компьютерлік томографияға түсіреміз», – деді №5 қалалық емхананың жалпы тәжірбиелік дәрігері Маржан Сағынбекова.
Фельдшерлердің мұндай шақыртуға еті үйренген. Қимылдары ширақ, жас та болса, жасқанып жүрген жоқ.
«Қазіргі ахуалға байланысты коронавируспен өте көп шақырту түсіп жатыр. Күніне 2 мыңнан жоғары түседі. ПЦР-тест оң болса, бізден мобильді топ барады», – деді №5 қалалық емхананың операторы Айзат Әділханова.
Мәселен бұл емханаға коронавирус симптомына ұқсас науқастардан келіп түсетін шақырту саны бір күнде 45-ке дейін жетеді. Бұл бұрынғымен салыстырғанда 4 есе көп дейді дәрігерлер. Көрсеткіш тек осы емханаға қатысты. Қала бойынша одан да көп.
«Біз дүйсенбіден бастап мобильді бригадалардың жұмысының түнгі кезекшілігін аштық. Бұрын олар таңғы 8-ден кешкі 20.00-ге дейін жұмыс істейтін. Ал, түнгі уақытта коронавирусқа қатысты келіп түсетін шағымдармен жедел жәрдем қызметкерлері айналысатын. Қазір қоңыраулар саны мен науқастардың көбеюіне байланысты мобильді топтар да тәулік бойы жұмыс істейді», – деді №5 қалалық емхана бас дәрігерінің орынбасары Аида Ким.
Қазір қала бойынша 8 469 науқас үй карантинінде жатыр. Ал, ауруханада 4 341 адам емделуде. Оның 215-і бала. Айта кетейік, қаладағы инфекциялық стоционарлардың төсек орын жүктемесі 70 пайызға толы.
Ұлағат Арғын, Медет Саматұлы, «Алматы» арнасы