Бүгінгідей ел басына қауіп төнген сәтте дәрігерлердің еңбегі ерен. Оны көзіміз көріп, көңіліміз сезгендей. Бұл ретте әсіресе қаладағы жұқпалы аурулар клиникаларының дәрігерлері аянбай тер төгіп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Олардың айтуынша, пандемия пайда болғалы өмірлерінде көп нәрсе өзгерген. Жұмысы әдеттегіден екі еселенген олар қазір тәулік бойы қызметте. Тиісінше, олардың еңбегі мемлекет тарапынан лайықты бағаланып жатыр. Сондай жан кешті дәрігердің бірі біздің арна тілшілеріне сұхбат берді.
Қазіргі уақытта жұмысы қарбалас дәрігерді сұхбатқа тарту оңайға соққан жоқ. Түсінуге болады, әрине. Олар үшін әр минут маңызды. Науқастың өмірі үшін күресіп жатқан дәрігерлердің қызметі бүгінде өлшеуге келмейді. Ыстық және қолайсыз қорғаныс костюмі мен көзілдірік киіп, демалыссыз қызмет етуде. Коронавируспен бетпе-бет келіп, оны жеңуде аянбай қызмет етіп жүрген дәрігердің – Ләззат Умешова.
«Науқастарда әр түрлі сұрақ туындайды. Оларда үрей де бар, себебі қазір жер-жерде өлім-жітім саны көбейіп жатқандықтан, бізден сұрайды, біз олардың сұрақтарына жауап береміз. Карантин талаптарына бағынбай, шыдамай бізбен ұрсып жататын науқастар да болады. Ондай қиындық барлығында туындайды деп ойлаймын», – деді инфекционист, ҚазҰМУ жұқпалы және тропикалық аурулар кафедрасының қызметкері Ләззат УМЕШОВА.
Осындай дәрігерлердің жіті қадағалауымен Алматыда 26 пациент қауіпті індеттен аман-есен айығып шықты. Коронавирус жұқтырған 96 адам Алматыдағы жұқпалы аурулар ауруханасында әлі ем алып жатыр. Сондай жанның бірі Владимир Мурзин.
«Бүгін ем қабылдап жатқаныма 14 күн болды. Денсаулығым біртіндеп жақсарып келеді. Біздің денсаулығымыз үшін дәрігерлер күні-түні аянбай қызмет етіп жүр. Оларға шексіз алғысымды білдіргім келеді. Өз денсаулықтарыңызды сақтаңыздар», – деді пациент Владимир МУРЗИН.
Коронавируспен түскен науқастардан өзге, барша қала жұрты да ақ халатты абзал жандарға бас июде. Тіпті әлеуметтік желілерде алғыс айту челленджі кең етек алды.
Науқас жандарды емдеу үшін басын қатерге тіккен барша дәрігерлердің ерлігі бүгінде мемлекет тарапынан лайықты бағаланып жатыр. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығына сәйкес, оларға жалақысынан бөлек үстемақы тағайындау, іске асып жатқан жеңілдіктер осының айғағы.
«Бүгінде бүкіл еліміз дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің қайсарлығына тәнті болуда. Олар – адам өміріне араша түсіп жатқан бүгінгі күннің батырлары. Сондықтан пандемияға қарсы күрестің алдыңғы легінде жүргендерге қосымша қолдау көрсету жөнінде шешім қабылдадым. Дәрігерлерге және медицина қызметкерлеріне 3 ай бойы қосымша үстеме ақы төленеді. Медицина қызметкерлерінің өмірін сақтандыру мәселесі де шешімін тапты. Әрине, ақ халатты абзал жандар бұдан да зор қолдауға лайық», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.
Дәрігерлерге төлемақы беру үшін 965 млн. теңге қаражат бөлінді. Сыйақы қала бойынша 3557 медицина қызметкеріне беріледі деп жоспарланып отыр.
«Алматыда коронавирусқа қарсы күреске жұмылдырылған медицина қызметкерлеріне алғашқы төлем басталды. 500-ден астам дәрігер, 1,7 мың орта медицина қызметкері, 549 кіші медицина қызметкері және 764 өзге де денсаулық сақтау қызметкеріне төлем жүргізілді», – деді қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Тілеухан ӘБІЛДАЕВ.
Медицина қызметкерлері арасында мемлекет сыйақысын алып алып үлгергендер де бар. Олар арпалыстар жүрсе де алғыстарын жаудырып жатыр.
БЛИЦ:
– Жұмысымыз ауыр және қауіп басым. Кеше біз мемлекет тарапынан үстемақы алдық.
– Медицина қызметкерлеріне осындай қиын жағдайда қолдау көрсетіп жатқандарыңызға көп рақмет.
Расында да, бас ауырып, балтыр сыздаса, бірден дәрігердің көмегіне жүгінетініміз анық. Ал бүгінгідей жағдайда дәрігер көмегі тіпті қажет. Ақ халатты абзал жандардың адал еңбегі мен қайтпас қайсарлығының арқасында күн санап дес бермей өршіп келе жатқан жаһандық індетті жеңе алатынымызға сенуіміз керек.
Ұлағат Арғын, «Алматы» арнасы