Бүгінгі күннің батырлары: Алматыда дәрігерлер өкпесі 100 пайыз зақымданған науқастарды аман алып қалды

almaty.tv
almaty.tv
Қазір аурухананың жансақтау бөлімінде 16 науқас жатыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Өмір мен өлім арасындағы арпалыс. Алматыдағы Орталық қалалық клиникалық ауруханасының дәрігерлері өкпесі 100 пайыз зақымданған науқастарды аман алып қалды. Көптің өміріне арашашы болған дәрігерлер бұл ұжымның еңбегі дейді. Қиын уақытта қиналса да мамандығына адал ах халаттылар жайлы айтар көп. Almaty.tv тілшісі Сая Меңдеке, бүгінгі батырлардың бірнешеуімен тілдесіп келген еді. Сюжетке назар салыңыз.

Қазір аурухананың жансақтау бөлімінде 16 науқас жатыр. Олар өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған, вирусқа қарсы дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етілген. Науқастарға антибактериалды ем көрсетіліп, қанды сұйылтуға арналған препараттар беріледі. Мұндағы ауыр жұмыс кестесіне әбден дағдыланып алған дәрігерлер тіпті өкпесіне 100 пайыз зақым келген науқастарды да аяғынан тік тұрғызыпты.  

«Кіші медперсонал дейміз, санитаркадан бастап медбикелерді айта аламын, дәрігерлер, кезкелгенінің еңбегі бар. Барлығының еңбегі зор. Бұл жерде ұжымдық жұмыс. Өте ауыр науқастар бірден жақсарып кетпейді. Ұзақ уақыт терапия болады. Ентікпе, ауа жетпеу, пульсаксиметрия деген құрал бар, қанның оттегімен қанығуын тексеретін аппарат бар. Сонымен тексереміз. Олар 30 бен түседі. Негізі қалыптыда 90-нан жоғары 100-ге дейін болу керек», – деді дәрігер-реаниматолог Арман Ибрагимов.

Елімізді коронавирус індеті жайлаған тұста Алматыдағы дәл осы Орталық қалалық клиникалық ауруханасының 500-ге жуық қызметкері ауру жұқтырып, медициналық мекеме карантинге жабылған болатын. Одан кейін аурухана жай стационар емес, инфекциялық стационар болып қайта ашылды. Міне, сол кезден бері мұнда бірде бір қызметкер коронавирус індетін жұқтырмаған.

«Мамыр айынан бері жұмыс істеп келе жатқан барлық қызметкерлердің ешқайсысы ауру жұқтырмай, еңбек етіп жүр. Мұнда инфекциялық бақылаудың барлық шаралары сақталады. Дәрігерлердің жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалып, қорғаныш киімдері қоймада артығымен сақталған», – деді Орталық қалалық клиникалық ауруханасы директорының міндетін атқарушы Гүлнар Құлқаева.

Аурухананың жансақтау бөлімінде жұмыс істейтін реаниматолог Айжан Шеризатқызы өкпесі 100 пайыз зақымданған 44 жастағы ер адамның бір аптаның ішінде реанимациядан палатаға ауыстырылғанын қуанышпен еске алады.

Ауыр халде жеткен науқас тыныс жетіспеушілігімен түскен. «Дертке шалдыққандарды аурудан айықтырып, үйіне жеткізу біздің парыз», – дейді дәрігердің өзі.

«Ол науқас бірден өкпенің жасанды вентиляциясына ауыстырылды. Түрлі ем қабылдады. Бұл біз үшін өте ауыр. Үйге бармағалы 2 жарым ай болды. Мамыр айнын бері осы коронавирус ауруымен күресудеміз. Науқастарды емдеп, оларды осы қиын жағдайдан шығарып, үйіне шығару біздің мақсатымыз», – деді Орталық қалалық клиникалық ауруханасы жансақтау бөлімінің меңгерушісі Айжан Айтбаева.

Жалпы күніне аурухананың реанимация бөліміне  5-6 науқас ауыр жағдайда түседі екен. Оларға бірден ем тағайындалып, оттегіге қосылады. Науқастарға дер кезінде қол ұшын беріп, ем-дом көрсетуде ақ халаттылардың еңбегі зор.

Сая Меңдеке, Рашид Шүкірәлиев, «Алматы» арнасы  

Новости партнеров