Аты жаман індетке сенбеген алматылық ауруханадан бір-ақ шықты

Аты жаман індетке сенбеген алматылық ауруханадан бір-ақ шықты
Өткен тәуліктің өзінде Алматыда коронавирустық инфекцияның 885 жаңа жағдайы тіркелді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қаладағы эпидахуал әлі де бәсеңдемей тұр. Өткен тәуліктің өзінде Алматыда коронавирустық инфекцияның 885 жаңа жағдайы тіркелді. Ал, қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, ковидтік стационарларда 2 мыңнан аса пациент ем алуда. Жаһанды жайлаған дертпен дәрігерлер қалай күресіп жатыр? Ауру белгісі неге азаймай тұр? Қызыл аймақтағы орталық клиникалық ауруханадан Almaty.tv тілшісі Мадина Оқастың бейнематериалы.

«Ауру жас талғамайды». Алғашында егде жастағы азаматтар коронавирус жұқтырғанымен, қазір ауруханаға түскендердің қатарында жас буын өкілдері де бар. Олар әр күнін ауруға қарсы күреспен, «үйге қайтам-ау» деген үмітпен өткізуде. Түсірілім тобы өмір үшін арпалысқа түскендерді көзбен көріп, біліп қайтты. Мамандар барын салып, қолдан келгенін жасап-ақ жатыр. Десе де, мұндағы біз кешкен күй, сезген сезім бөлек.

«Бірінші күні дене қызуым көтерілгенде, бірден білдім менде ковид екенін. Содан кейін 4 күн үйде жатып қалдым. Жедел жәрдем шақырдым. Кішкене денем құрыса бастағаннан кейін, ауруханаға түсуіме тура келді. Сол уақыт ішінде балама жұқтырып үлгеріппін. Үлкен 9 жастағы балам қазір госпитальда жатыр. Өте қатты қорықтым. Себебі, осы аурудан көп адам қайтыс болып кетеді деп жатады»– деді науқас Бағлан Божбанова.

Жансақтау бөліміндегі жай тіптен бөлек. Аса ауыр жағдайдағы пациенттер мұнда жасанды желдету аппаратына қосылған. Қазір орталық клиникалық ауруханада тек жансақтау бөлімінің өзінде 67 науқас бақылауда. Ал, беті бері қарап, жағдайы біршама жақсарғандар палатаға ауыстырылып, кешенді ем қабылдап жатыр.

«Әрине, аман-сау жүргім келеді. Жасым 80-де екенін білемін, сонда да ауырғым келмейді. Аурудан жазылып шығып, кішкене болса да өмір сүре тұрсам деймін», – деді науқас Нина Красова.

«Өз басыма түскенде аурудың шынымен де бар екеніне көзім жетті. Бұрын сенбей жүрген ем. Вирус жұқтырғанымды естігенде өте қатты қорықтым. Өмір сүрмеймін деп ойладым. Қазір бетім бері қарап қалды. Үйіме оралғым келеді», – деді науқас.

Бір өкініштісі, соңғы апталарда вирус жұқтырғандардың саны артқан. «Қазір қабылдау бөліміне пациенттер үздіксіз келіп түсіп жатыр»,- дейді мамандар. Сондықтан, ауруханадағы орын саны да көбейіп отыр. Қазіргі таңда, орталық клиникалық аурухананың өзінде 670 науқасқа орын дайындалған.

«540 төсек-орынды науқастарға 81 койкалық реанимациялық төсек-орындарымыз болды. Ал қазіргі таңда мынау 670 төсек-орындық коронавирусқа қарсы күрес мәселесінде, оның 15 пайызы реанимациялық деп есептесек, біздің резервте 100 реанимациялық төсек-орын бар», – деді «Орталық қалалық клиникалық аурухана» директорының орынбасары Самат Жарменов.

«Тәулігіне 80 науқасқа дейін келіп түсіп жатыр. Оның 80 науқастың жалпы алғанда 10-ы ауыр жағдайда түседі. Қабылдау бөлімінен тіке реанимацияға жатқызылып, сол жақта көмегін ары қарай жалғастырады», – деді қабылдау бөлімінің меңгерушісі Дәулет Чукманов.

Қала бойынша жалпы 2000-нан аса науқас инфекциялық стационарларда жатыр. Ал вирус жұқтырғандардың саны соңғы аптада күрт өскен. Бұған «Дельта штаммы» да өз кезегінде әсер етпей қоймайды. Ауырып ем іздеудің өзі қиынға соққан уақытта, ауырмаудың жолын іздеу- басты міндет. Сондықтан, карантин талаптарын қатаң сақтау мен екпе алудың маңызды екенін ұмытпасаңыздар екен.

Мадина Оқас, Рашид Шүкірәлиев,«Алматы» телеарнасы.

Новости партнеров