Бұл жобаға Мобильді тестілеу орталықтары қатысады
«Halyk» қоры мен Алматы әкімдігі тұрғындарға COVID-19-ға қатысты тегін тестілеу өткізеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Халық» жеке қайырымдылық қоры және Алматы қаласы әкімдігі тұрғындар арасында індеттің алдын алу үшін COVID-19-ға диагностика жасау жобасын жүзеге асыруға кірісті.
Бұл жобаға Мобильді тестілеу орталықтары қатысады. Орталық базасында COVID-19 індетін анықтаудың ең сенімді тәсілі ПЦР-диагностикасы қолданылады. Яғни биоматериал осы орталықтардың ішінде алынады.
ПЦР-диагностикасы күнделікті Денсаулық сақтау департаментінің өтінімі бойынша тегін жасалады.
Бұл диагностикадан коронавирусқа қарсы күрес шараларына қатысып жүрген орталық және жергілікті органдардың қызметкерлері, сондай-ақ карантин кезінде қалада жұмыс істеген кәсіпорындардың, банк, сауда орындарының, қоғамдық тамақтану, медицина және дәріхана, дезинфекция, коммуналдық қызмет және т.б. мекемелерінің қызметкерлері тегін қатыса алады.
Атаулы көмектің операторы «Халық» қайырымдылық қоры. Жоба «Медикер Ассистанс» медициналық компаниясының, INVIVO зертхана желісі және «Medical Partners Korea Qazaqstan клиникасының қатысуымен іске асты.