Коронавирус инфекциясын маусымдық аллергиядан қалай ажыратамыз

vsednr.ru
vsednr.ru
Елордалық жұқпалы аурулар ауруханасының пульмонолог дәрігері жауап берді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Коронавирус инфекциясын маусымдық аллергиямен шатастыру мүмкін емес. Елордалық жұқпалы аурулар ауруханасының пульмонолог дәрігері Әсия Тоқсарина дәл осылай дейді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Оның айтуынша, мұрын бітелу мен жөтел сияқты ұқсас белгілері болғанымен, аталған екі дертті оп-оңай ажыратуға болады.  

30 жастағы Еркебұлан Рахметов міне осымен 16-жыл аллергиядан зардап шегуде. Ол осындай әр маусым нағыз сынаққа айналатынын айтады. Ал аллергияның нағыз өршіп тұрған тұсында дәріханалардағы дәрі-дәрмектің бағасы удай болады. Амалсыздан, қызыл ақшаға сатып алуға тура келеді дейді.  

«Шілденің ортасында басталады. Бірінші күндері мұрын бітеледі. Сосын көз қышиды. Сол мұрынға себеміз. Дәрі ішеміз күніне бір таблетка. Бағасы қымбаттап жатыр. осы именно аллергия кезінде қымбаттайды», – деді қала тұрғыны Еркебұлан Рахметов.    

Еркебұлан аллергияның жыл сайынғы белгілері болғандықтан, оның коронавирустық инфекциямен еш ұқсастығы жоқ екенін жақсы біледі. Ал COVID-19-бен ауырып шықтым деп күмәнданған Любовь Бортник 9 жасар қызының аллергиясын коронавирустық инфекциямен шатастырған. Белгілері тым жақын болғандықтан, қатты қорыққанын айтады.

«Қызым коронавируске шалдықты ма деп қатты уайымдадық. Себебі белгілері ұқсас келеді. Оның үстіне COVID-19-бен өзім ауырып шыққан сияқтымын. Барып талдама тапсырттық. Дәрігерлер қызымда аллергия деген қорытынды шығарды. Емделіп шықты. Шүкір, қазір жағдайы жақсы», – деді қала тұрғыны Любовь Бортник.

Ал елордалық жұқпалы стационардың пульмонолог дәрігері Әсия Тоқсарина аллергия мен коронавирустық инфекцияның ара жігін ажыратты.

«Вирустық инфекцияға шалдыққан науқастардың басты белгісі улану болады, яғни қалтырау, тоңып дірілдеу, тершеңдік пайда болады. Аллергиялық жағдайларда мұндай симптомдар болмайды. Коронавирустық инфекцияда мұрын бітеліп, иіс, дәм сезбеу болады. Аллергиялық жағдайларда да мұрын бітеледі. Бірақ аллергиялық риниттарда иіс сезіледі. Мұндай жағдайда мұрыннан су ағады», – деді пульмонолог дәрігер Әсия Тоқсарина.

Сонымен коронавирусты аллергиядан қалай ажырата аламыз? Вирустық инфекцияда мұрын бітеледі, иіс, дәм сезілмейді, дене қызуы көтеріліп, әлсіздік пайда болады. Ал аллергия кезінде де мұрын бітеліп, тыныс алу қиындайды. Бірақ басқа қандай да бір өзгеріс байқалмайды. Ақ халаттының сөзінше, бастысы, үрейден құтылу керек. Және аурудың белгілеріне мұқият қарау қажет.

Салтанат Нысанбек, Данияр Омар, Ботагөз Қайырбекова, «Алматы» арнасы, Нұр-Сұлтаннан

Коронавирустық инфекция:                           Аллергия:

- мұрын бітеледі;                                            - мұрын бітеледі;

- тыныс алу қиындайды;                                - тыныс алу қиындайды.

- иіс, дәм сезілмейді;  

- дене қызуы көтеріледі;                                    

- әлсіздік пайда болады.

Новости партнеров