Алматыда 1800-ден аса қоғамдық көлікке күн сайын дезинфекция жасалады

Almaty.tv
Almaty.tv
Әрбір бригада күніне 200-ден аса көлікті залалсыздандырады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қоғамдық көліктердегі залалсыздандыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Себебі автобустарға мінетін жолаушылар саны көп. Ал, химиялық ерітінділердің адам ағзасына зияны бар ма? Мамандар пікірі мен кезекті дезинфекция жүмыстарына қатысып қайтқан Almaty.tv тілшісі Сымбат Ноғай тарқатсын.

Қала бойынша әрбір автобустар тұрақтайтын аялдамада дезинфекторлардан тұратын арнайы топтар жұмыс істейді. Мұндағы әрбір бригада күніне 200-ден аса көлікті залалсыздандырады екен. Ал, ертінідінің адам денсаулығына ешқандай зияны жоқ. Тек барлығын нұсқаулыққа сәйкес жасау керек.

Коронавирус індетінің алдын алу мақсатында қоғамдық көліктерде әр рейс сайын залалсыздандыру жұмыстары жүргізіледі. Әрбір бригада автобус салонын, жолаушылар отыратын орындықтар мен тұтқаларды арнайы хлор ерітіндісімен өңдейді. Ал тазалау жұмыстары толық аяқталған соң есіктер ашылып желдетіледі.  

«Қазіргі таңда қоғамдық көліктерді дезинфекциялау жұмыстары күндізгі уақытта жүріп жатыр. Рейс санына байланысты әрбір автобус күніне бірнеше рет залалсыздандырылады. Ал, әрбір транспорт кем дегенде 3 рет айналым жасайды», – деді қалалық Мобилділік басқармасының бөлім маманы Жәнібек Мананбаев.

Қазақстанда өндірілетін дезинфекциялық ерітінді аллергия тудырмайды және иіс шығармайды. Яғни, қауіпсіздіктің 4-санатына жатады. Онда өзге химиялық қоспа түрлі вирустар мен бактерияларды жою үшін қолданылады дейді мамандар.

«Жұмыс таңерте сағат 07:30-да басталады. Кешкі 17:30-ға дейін бүкіл автобусқа дезинфекция жасаймыз. Оны дисхлор дейді, оның адам денсаулығына зияны жоқ. Менің 7 ай болды істеп жатқаныма, дым зиянын көрген жоқпын», – деді қалалық дезинфектор Жанәділ Мәткерімов.

Дезинфектор мамандары заласыздандыру жұмыстарын жасау тәртібі бойынша арнайы оқыту курсынан өткен. Бүгінде 300-ден астам қызметкер тазалық жұмыстарының барлық техникалық қағидаларын меңгерген. Олар арнайы қорғаныш киімдерімен жұмыс істейді, құрылғылары да заман талабына сай.

«Автобустың рейсіне байланысты. Бір автобустарда 4 рейс болады, бір автобустар 7-8 рет болады. Троллейбустар тез-тез айналғанына байланысты. Жұмысшылар барлығы толық құрамда. Айлығын  уақытылы алады. Тамақпен қамтамасыз етеміз», – деді мердігерлік компанияның өкілі Әйгерім Кабиева.

Мегаполис бойынша 1800-ден аса қоғамдық көлік бар. Олардың барлығы күнделікті дезинфекциялаудан өтеді. Ал, қалада жалпы 50-ден аса автобус тұрағы бар.

Сымбат Ноғай, Сағынғали Мұңайтбасов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров