Қазақстанда адамдарды танымал жарнама сайттары арқылы алдау көбейген. Әсіресе, Нұр-Сұлтанда жапа шеккендер саны артты. Ол туралы қалалық Ішкі істер департаменті хабарлайды. Биылғы жылдың қыркүйек айынан бастап елорда тұрғындарын 2,5 миллион теңгеге интернет-алаяқтар алдап кеткен. Тәртіп сақшылары осындай фактілер бойынша 50 қылмыстық іс қозғады. Жыл басынан бері киберқылмыскерлердің әрекетіне қатысты 1300-ге жуық тұрғын полицияға жүгінген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 15 пайызға көп. Толығырақ Almaty.tv тілшісі Асылбек Тойбек тарқатады.
Интернет алаяқтар меншік затын саудаға қойған азаматтарға хабарласып, заттың фотоларын сұрастырады. Сатып алатынын айтып, жеке сериялық нөмірін немесе банк картасының нөмірін жіберуді өтінеді. Осылайша алғашқы сомманы аударуға уәде береді. Сенімге селкеу түсірмей сөйлескеннен кейін әлгі шотқа артығымен ақша салады. Сөйтіп жәбірленушіге хабарласып, абайсызда артық қаражат жіберіп қойғанын айтып, бұл жолы өздеріне тиесілі ақшаны қайтарып алу үшін банк картасының құпия кодын сұрайды. Сөйтіп, ол шотта болған қаражаттың бәрін шешіп алады.
«Аталып кеткен мәселе бойынша Нұр-Сұлтан қаласында 50 адам арызбен хабарласты. Бұның ішінде көбінесе зейнеткер адамдар жәбірленушілер болып келеді. Осы себептен аталып кеткен фактілер бойынша Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындарын және Қазақстан Республикасының тұрғындарын алаяқтарға алданып қалмау үшін ескертеді», – деді қалалық ПД криминалдық полиция басқармасының киберқылмыспен күрес бөлімінің аға жедел уәкілі Саят Дүйсенбаев
Сабина жеке затын саудалаймын деп сан соғып қалғандардың бірі. Әбден зәрезап болған ол аты-жөнін толық атамауды өтінді. Танымал жарнама сайтына салған затын сатып аламын деп хабарласқан адам өзінің басқа қалада екенін айтады. Сол сайттың жеткізу қызметі арқылы тауарды алу үшін сатушы туралы ақпаратты толтыруға арналған сілтеме жібереді.
«Ол сілтеме арқылы өткенде мен затымды салған жарнама сайтынан еш айырмашылығы жоқ еді. Сөйтсем, көзге көрінбейтін 1-2 әріптерінде айырмашылық бар екен ғой. Сілтемені басқанымда менің хабарламам тұрды. Еш жаман ой келмеді. Хабарласқан қыздың мәліметтері болды. Картасы, телефон нөмірі жазылған. Сайт маған ары қарай картамның нөмірін міндетті түрде жазуды талап етті», – деді қала тұрғыны Сәбина.
Осылайша интернет алаяқ Сабинаның шотында 40 мың теңгені де қағып алады. Алаяқтардың қақпанына түскенін түсінген ол полиция департаментіне арыз жазуға асығады.
Сабина секілді 50 адамнан түскен арыз бойынша қозғалған қылмыстың 5-уі ғана ашылған. 3 алаяқ қолға түскен. Алайда жәбірленуші мен алаяқтардың арасында татуласу келісімі болып, қаражаттарын қайтып алған. Яғни, заңмен жаза қолданылмаған. Полиция қызметкерлері тек бірнеше мәрте алаяқтық қылмыспен ұсталып, жауапқа тартылған болса ғана 4-7 жылға дейін бас бостандығынан айрылады дейді.