Әлемді шарпыған тажал дерт сейілген жоқ. Медицина мамандары қауіпті аймақтарда еңбек етіп, пациенттерді аман алып қалу үшін коронавируспен әлі де арпалысып жатыр. Еске салсақ, елді есеңгіретіп, адамзатты әлсіретіп тұрған індеттің емі толыққанды табылмады. Әйтсе де Covid-19-ды жұқтырып өкпесі 90-100 пайызға зақымданған пациенттер дертінен айығып шығып жатыр. Ақ халатты абзал жандардың батыл әрекеті туралы Almaty.tv тілшісі Назкен Еркін айтсын.
Аты жөнін өзгертуді қалаған Анатолий Васильев 23 желтоқсанда коронавирусқа шалдығып ауыр күйде жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылады. Дене қызуы бірден 42-ге көтеріліп қас қағым сәтте дел-сал күйге түсіпті. Алғашқы күндері оттегіне қосылып, ең ауыр сәттерді басынан кешірген екен.
«Сонда қызмет жасап жүрген бір мейірбике сізден айырылып қаламыз-ау деп уайымдадық деді. Бірақ мен іштей берілмедім, оның үстіне дәрігерлер де көп күш жұмсады. Олар әр жарты сағат сайын жағдайымды бақылап отырды. Олар қорғаныш киімдерін киіп алғандықтан, бет-әлпетін есімде сақтай алмадым. Бірақ сол дәрігерлер менің өміріме араша болып, үлкен ерлік жасады. Жазылып кетуіме сепші болды. Сол үшін шексіз алғыс айтамын», – деді қала тұрғыны Анатолий Васильев.
Расымен жағдайы бастапқыда мүшкіл, өкпесі 90 пайызға дейін зақымданған еді дейді пациентті емдеген инфекционист Дамир Жүсіпов. Қосымша аурулары да асқынғандықтан науқасты аман алып қалу қиынға соққан. Алайда екі апта емнен кейін қарияның беті бері қараған.
«Науқастардың хәлін тексерген кезімізде көбінің жағдайы ауыр болды. Сол бізге кішкене қындық туғызды. Жастары да бар, үлкендері де бар. Дәрігер маман болған соң, соның бәріне көну керек, дәрігер деген атқа лайық болу үшін күшімізді көрсетуімізге тиіспіз деп ойлаймын», – деді И. Жекенова атындағы қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасы филиалының бөлім меңгерушісі Дамир Жүсіпов.
Өкпесі 100 пайызға қабынып өлім аузынан қалған тағы бір пациент Равиль Тохтибакиев те дәрігерлердің еңбегін зор көреді. Оны қалалық Орталық клиникалық аурухананың қызметкерлері дертінен 10 күнде айықтырып алған.
«Науқас реанимация бөлімшесінде өкпені жасанды желдендіру аппаратымен бір аптадай жатты. Одан кейін толық емделіп, бір аптадан кейін профильді бөлімшеге ауыстырылды. Күні-түні үйді көрмей жұмыс атқардық. Өте қиын болды сол уақытта», – деді қалалық орталық клиникалық ауруханасының реаниматолог-дәрігері Сәбит Мәдалиев.
Гиппократтық анттан айнымауға тырыстық дейді дәрігер. Бүгінде ауруханадағы жағдай біршама тұрақталған.
«Қазір менің сауығып, үйде отырғаным дәрігерлердің арқасы, солардың еңбегі. Менің өмірім үшін 10 күн вируспен күрескен медицина қызметкерлеріне шексіз рахмет айтамын!» – деді қала тұрғыны Равиль Тохтибакиев.
Вирус ешкімді аяп жатқан жоқ. Індет өршіген тұста қарапайым азаматтармен қатар перзентханаларға ковид жұқтырған аяғы ауыр келіншектер де түсіп жатты. Мәселен, өкпесі 90 пайыз қабынған 23 жастағы Динара Серікбол №2 перзентханаға коронавирус диагнозы расталып жатқызылған еді. Абырой болғанда дәрігерлер ана мен баланы аман сақтап қалған болатын.
«Науқас түскен кезде өте нашар хәлде болды. Жедел түрде өзі босанды. Бірақ сатурация 47 пайыз болды. Жалпы қиын жағдайда реанимацияда бір айдай жатты. Содан кейін 10 күн қарауда болды. Ұжымның арқасында науқасқа толық көмек көрсетілді», – деді №2 қалалық перзентханасы жансақтау бөлімінің меңгерушісі Гүлнұр Байболова.
Қазір қала бойынша коронавирустан құлан таза айыққан мыңнан астам жүкті әйел тіркелсе, алты азаматша сұм індеттің кесірінен көз жұмған. Ал 35 болашақ ана вируспен күресіп, бүгінде ем алып жатыр.
Назкен Еркін, Ялкунжан Әшімжанов, Арсен Сандыбаев, «Алматы» арнасы