COVID-19 індетінің симптомсыз түрі қаншалықты қауіпті

Аlmaty.tv
Аlmaty.tv
Коронавируске байланысты тестті қандай азаматтар тегін тапсыра алады?
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда коронавирустың симптомсыз түрін жұқтырғандар кеселдің жайылуына себеп болуда. Жалпы, карантин кезінде тіркелген науқастардың 75 пайызында ауру белгілері байқалмаған. Мамандар COVID-19-дың дәл осы түрі қоғамға қаншалықты қауіпті екенін айтып дабыл қағуда. Ал, вирусты жұқтырғандар осы жағдайда не істеуі қажет? Almaty.tv тілшісі анықтап көрді.

Қазақстанда 13 наурыздан бастап, 5 маусымға дейін коронавирусты жұқтырған науқастардың 39 пайызында ауру белгілері байқалмаса, 36,7 пайызында кесел жеңіл түрде өткен. Статистика бойынша, жалпы індетке шалдыққандардың 75 пайызында симптомдық белгілер болмаған. Яғни, қауіпті аурудың ілмегіне ілінгендерің денсаулығында өзгеріс орын алмайды.

Коронавирусты жұқтырған, бірақ симптомдық белгілері жоқ науқастарда 14 күн ішінде клиникалық көріністер байқалмайды. Яғни, науқас өзін әдеттегідей жақсы сезініп, денсаулығының нашарлағанына шағымданбайды. Бас ауырып, буын қақсамайды. Науқаста тершеңдік, әлсіздік, сондай-ақ іштің өтуі мен жөтел де болмайды. Ал, тыныс алу жолдарында ешқандай ауыртпалық сезілмейді. Мұндай кезде науқас тек үй жағдайында оқшауланады. Ал, осы санаттағы науқастар үйде отырғанда не істеуі қажет? Алдымен, жалғыз өзі 1 бөлмеге орналасып, ауаны тазартып отыруы керек. Санитарлық шараларды сақтап, еденді сабын араласқан сумен жуған абзал. Сондай-ақ, жеке ыдыс-аяқ қолданып, дене қызуын тексеріп, масканы мүлдем шешпеген дұрыс. Ең бастысы, жұқпалы вирустың ауру белгілері жоқ науқастарға үйде ем қабылдауға болмайды.

ГРАФИКА-1

COVID-19-ДЫ ЖҰҚТЫРҒАН, БІРАҚ СИМПТОМДЫҚ БЕЛГІЛЕРІ ЖОҚ НАУҚАСТАР:

1 . Денсаулық жағдайына шағым жоқ

2 . Бас ауырмайды

3 . Жөтел жоқ

4 . Тыныс алу бірқалыпты

5 . Әлсіздік жоқ

6 . Тершеңдік жоқ

7 . Іш өтпейді

8 . Буын ауырмайды

ГРАФИКА-2

Симтомсыз науқастар үй жағдайында не істеуі керек?

1. Жалғыз өзі 1 бөлмеге оқшаулануы қажет;

2. Бөлме ішін күніне 2 рет желдетіп, тазалауы қажет;

3. Жеке ыдыс-аяқ болуы қажет;

4. Медициналық бетперде киюі қажет;

5. Дене қызуын күніне 3 мезгіл өлшеуі қажет;

6. Жиі қайнаған су ішуі керек;

7. Тамақты қайнаған сумен жиі шаюы қажет;

8. Ешқандай ем қабылдауға болмайды

Ал, мамандар коронавирустың симптомсыз түрін жұқтырғандардың қоғамда қауіпті екенін айтып, дабыл қағып жатыр.

«Коронавирус жеңіл түрде өтетін болса, ол адамдарды біз үйде емдейміз. Үйде емдегенде, ол кісілерге ешқандай емнің керегі жоқ. Өйткені ешқандай клиникалық көріністері жоқ. Бірақ ол кісілер эпидемиялогиялық жағынан қауіпті. Неге десеңіздер ол кісілер жөтеледі, түшкіреді, соныменен вирусты сыртқа шығарып отырады. Ал, симптомдары жоқтар олар түшкірмейді ғой. Бірақ денсаулығы жақсы болған күннің өзінде, тамағында, жұтқыншағында вирустар пайда болуы мүмкін», – деді ҚР жетекші инфекционист дәрігері Динагүл Баешева.

Коронавирус елде алғаш пайда болған уақытта тек симптомы бар науқастар емделгендіктен, ауру белгілері жоқтар саны күрт көбейіп, вирус жайыла түскен. Сондай-ақ, симптомсыз түрде көбінесе 20 және 59 жас аралығындағы тұрғындар ауырыпты. Ерекшелігі, бұл жағдайда 4-күннен бастап кеселдің белгілері шығуы мүмкін. Бұл жағдайда науқас сабырлық сақтап, тіркелген емханаға хабарласуы керек немесе үйден шықпай 3000-103 номері арқылы call-орталыққа хабарласуы қажет.

Сall-орталықтың байланыс телефоны: 3000-103

«Әрине, ауырған адамдардың саны өсіп барады. Бірақ оған ешқандай қорқыныш, үрей дүрбелену болмауы керек. Неге десеңіз, міне 100 адам ауырса, 100 адамның ішінде 80 пайызы симптомсыз, не болмаса жеңіл түрде өтеді. Ал, 15 пайызы орташа және ауыр түрде түсетін болса, 5 пайызы ауыр түрде түседі», – деді ҚР жетекші инфекционист дәрігері Динагүл Баешева.

Коронавирус инфекциясына ПТР тестілеуді қаладағы 5 зертханада өтуге болады. Ал, тегін ПТР тестін әлеуметтік және денсаулық жағдайына байланысты белгілі бір топтар, «Атакент» сауда-көрме аумағындағы жаңа зертханада өте алады. Сондай-ақ, ауру белгілері жоқ форманы жұқтырған азаматтарды дәрігер бақылауға алады. Күніне 2 рет қоңырау шалып, жағдайын біліп отырады. Тек, науқас адам айналасындағыларға індетті жаймау үшін карантин талаптарын орындап, 14 күн оқшауда болғаны дұрыс.

Аяулым Көлжігіт, «Алматы» арнасы

ГРАФИКА-3

«Атакент» ҚІЫО аумағындағы жаңа зертханада коронавируске тегін тесттен келесі азаматтар өте алады:  

– жұмыссыздар;

– аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың мүшелері;

– мүмкіндігі шектелген адамдар;

– стационарға жоспарлы түрде жатқызылатын пациенттер;

– Тыныс алу, эндокриндік және жүрек қан тамырлары жүйесі бойынша динамикалық бақылауда тұрған 50 жастан асқан пациенттер.

ГРАФИКА-4

Медициналық бақылау келесі алгоритмге сәйкес жүргізіледі:

– күнделікті екі рет қоңырау шалу;

– жалпы жағдайын бағалау, температура, шағымдарын анықтау (жөтел, тыныс алуының қиындауы, әлсіздік, тершеңдік, іштің кебуі, бөртпе, миалгия және басқалары);

– сатурация;

– қажет болған жағдайда видеокеңес беру.

Новости партнеров