Алматыдағы Телемедицина орталығының дәрігерлері вакцина алған азаматтарға кеңес береді

Алматыдағы Телемедицина орталығының дәрігерлері вакцина алған азаматтарға кеңес береді
Қалалық әкімдіктің бастамасымен ашылған орталықта бүгінге дейін 6 мыңға жуық адамға қашықтан медициналық қызмет көрсетілген
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Телемедицина орталығы вакцина алған азаматтардың жай-күйін бақылап, кеңес беруге дайындалып жатыр. Қалалық әкімдіктің бастамасымен ашылған орталықта бүгінге дейін 6 мыңға жуық адамға қашықтан медициналық қызмет көрсетілген. Жалпы телемедицина орталығы қалай жұмыс істейді? Қазір қанша азамат карантиндік бақылауға алынған? Толығырақ Almaty.tv тілшісінің бейнематериалында.

Айбек Ермекбай – Телемедицина орталығында жұмыс істейтін дәрігерлердің бірі. Ол өзіне бөлінген емханалардан күнде коронавирус жұқтырған науқастар туралы ақпарат алып отырады. Мәліметті жинап қана қоймай науқастарға хабарласып хәлін біліп маман ретінде онлайн кеңес береді.

«Мынадай жағдайлар болған, кешкі ауысымда науқастар өздері хабарласып жадайын айтады. Бірақ қайда хабарласарын, кімге барарын білмейді. Сол кезде бізге қоңырау түскен кезде, біз тікелей емхана және инфекциялық стационарлармен жұмыс жасаймыз. Яғни, біздің Телемедицина орталығының жұмысы командалық жұмыс деп айтуға болады», – деді телемедицина орталығының дәрігер-консультанты Айбек Ермекбай.

Ашылғанына небәрі 4 ай болған Телемедицина орталығында бұған дейін 5 мыңнан астам адамға көмек көрсетілген. Мұнда күніне мың жарымнан астам қоңырау шалынады. Ал мынадай арнайы бөлмелерде кеңесші дәрігерлер пациенттердің жағдайын күніне екі рет бақылап отырады.

Бүгінгі ақпар бойынша қалада 635 адам карантиндік бақылауға алынған. Бұл көрсеткіш күнде өзгеріп отырады. Коронавирус жұқтырғаннан бөлек орталық вакцина қабылдаған азаматтарды да бақылауға алмақ.  

«Коронавирус екпесін алған пациенттерді де бақылауға аламыз деген жоспар бар. Қазір осы бойынша мамандарымыз дайындық жүргізіп, жан-жақты ақпараттармен танысып жатыр. Сондай-ақ, диспансерлік ем алып жатқан науқастарға да көмек көрсететін боламыз», – деді телемедицина орталығының бас менеджері Жұлдыз Бауыржанқызы.

Бүгінде орталықта 50 дәрігер тәулік бойы жұмыс істейді. Осы тұста мамандар тұрғындарды инфекциялық ауруларға немқұрайлы қарамауға, қажет болған жағдайда оқшаулануға шақырады.

Назкен Еркін, Ескендір Тоғыспаев, «Алматы» арнасы

Новости партнеров