|
08.02.2021 | 22:54
1234

Алматыда су ағарларға күрделі жөндеу жүргізіліп, өзен арналары нығайтылады

Алматыда ұзындығы 424 шақырым арықтың тозығы жеткен

Алматыда су ағарларға күрделі жөндеу жүргізіліп, өзен арналары нығайтылады

Алматыда ұзындығы 424 шақырым арықтың тозығы жеткен. Бұл туралы қалалық Жасыл экономика басқармасының мамандары мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Еске салайық, өткен жылы қала әкімінің тапсырмасымен қаладағы арық желілерін түгендеп, жай-күйі анықталған еді. Зерттеу нәтижесіне сәйкес, биыл апатты жағдайдағы су ағарларға күрделі жөндеу жүргізіліп, өзен арналары нығайтылатын болады.  

Өткен жылы шаһар басшысының тапсырмасына сәйкес, Жасыл экономика басқармасымен бірлесіп қаладағы арықтардың бәрі тексеріліп, зерттеу жұмыстары жүргізілді. Мамандардың айтуынша, мұндай тексеріс егемендік алғалы жүргізілмепті. Қорытындыға сәйкес, Алматыдағы арықтың ұзындығы 1523 шақырым. Оның 1138 километрі аудан әкімдіктерінің қарамағында болса, 245 шақырымы аула арасында орналасқан.

«Қазіргі таңда біз соған байланысты ақша бөліп, 376 шақырым арық жүйесіне сметалық құжат жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Осы 1-2 айдың ішінде Алатау, Наурызбай, Әуезов аудандарының арық жүйелерінің қорытындысы шықса, биыл бастаймыз кұрделі жөндеу жұмыстарын, арық жоқ жерлерге арық салу жұмыстары жүргізіледі», – деді қалалық Жасыл экономика басқармасының бөлім басшысы Мұрат Жексенбаев.

Қалалық Жасыл экономика басқармасы интерактивті карта әзірледі. Онда зерттеу жүргізілген арықтар туралы барлық мәлімет қамтылған. Апатты жағдайдағы арықтар қай көшеде, жолдың қай бөлігінде орналасқаны, оның ені, ұзындығы және басқа да сипаттамалары толығымен көрсетілген.

Қалада ұзындығы 424 км арықтың тозығы жеткен. Мамандар зерттеу нәтижесінде 206 шақырым су ағарларын жарамды деп тапса, 1464 арық тұйықталған, яғни ортақ жүйге жалғанбағынын анықтады. 811 арық мүлде бұзылған, күрделі жөндеуді қажет етеді. Интерактивті картада қаладағы су ағарларының жай-күйі мен орналасуы бойынша барлық деректер бар. Алдағы уақытта басталатын ауқымды жұмыс та осы жоспар негізінде жүзеге аспақ.

Графика:

• 424 км арықтың тозығы жеткен;

• 206 км су ағарлары жарамды;

• 1464 арық тұйықталған;  

• 811 су ағарлары бұзылған;

Бұған дейін орталық көшелердегі арықтың қоқысқа толып қалатанын айтып көпшілік шағымданған еді. Енді бұл мәселе де өз шешімін тапты.

«Соңғы екі-үш жылға қарағанда осы қала әкімдігінен, аудан әкімдігінен арықтарға деген көп көңіл бөлінетін болды. Тазалайды, қоқыс тасталмайды, жинақы бұрынғыдай емес», – деді қала тұрғыны Хангелді Ахметханов.

«Қазір көп арықта су ағып жатыр. Осыдан бір 40 жыл бұрынғы Алматыдағыдай су ағады. Ол да ауаның таза болуына ықпал етеді ғой», – деді қала тұрғыны Зәуреш Молдағалиева.

Одан бөлек, қалада нөсер жауын салдарынан су басу қаупі бар 17 арық бар екені  белгілі болды. Алдағы уақытта оларды нығайту жұмыстары жасалмақ. Қала ішіндегі арықтарды тазалау қыста және жазда жүргізіледі. Ал, қазір суағарларды қардан және қоқыстан тазарту жұмыстары жүріп жатыр.

Ұлағат Арғын, Арсен Сандыбаев, «Алматы» арнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир