Ұлы Жеңіске 75 жыл: майдангер Нұртай Қашағанов жайлы не білеміз

Almaty.tv
Almaty.tv
9 мамыр – жанқияр ерліктің, еңселі елдіктің мерекесі, Жеңіс жалауы желбіреген күн
Жаңалықтармен бөлісіңіз

9 мамыр – жанқияр ерліктің, еңселі елдіктің мерекесі, Жеңіс жалауы желбіреген күн. Бүгінгі тәуелсіздік тұғырының берік, еңсеміздің биік болуы да осы ардагерлеріміздің жемісі һәм жеңісі. Сондай жанның бірі  –  Нұртай Қашағанов, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Оның жастық шағы қарша бораған оқ пен қып-қызыл оттың ортасында өтті. Кейіннен еңбегі еленіп, Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенкодан арнайы хат та келіпті.

Бозбала Нұртайға соғысқа шақырту қағаз келген кезде жасы небәрі 17-де еді. Өгіз арбамен Сарыөзекке дейін 5 күн жүріп, ауылдан 5 жігіт майданға аттанады. Соғыс даласына кірмес бұрын олар Петропавл қаласында оқу-жаттығу жиынынан өтеді. Зеңбіректің дүрсілі мен ұшақтың гүріліне де құлақ үйренеді. Осылайша Нұртай ардагер 1943 жылдың қараша айында ең алғаш рет Батыс майданда радист болып ұрысқа қатысады. Одан әрі Беларуссия, Ломж, Могилев, Орша қаласын азат етуге белсене қатысып, «Қызыл жұлдыз» орденін кеудесіне тағады. Ардагердің естеліктерін жұбайы Айтжан мен қызы Бейбіт айтып берді.    

«Сондай бір ұрыста бұл кісі қатты жараланады. Сөйтіп, жатқан кезде бір әйелдің даусын естиді. Ұрыс даласында жараланғандарды іздеп жүрген санитарка. Сол кезде әлгіні шақырып, дыбыстағым келді дейді. Сол кезде жөтел қысып жөтелгенде, бұл кісіні алып қалған ғой. Сол жөтелді естіп, бұл кісіні санитарка келіп алып кетеді. Сөйтіп, бір ажалдан бір жөтел қысып аман қалдым деп айтып отырады», – деді Н. Қашағановтың қызы Бейбіт НҰРТАЙҚЫЗЫ.

Осылайша Нұртай ардагер 1945 жылы Берлин операциясы кезінде қатты жарақат алып госпительге жатады. Ұлы Жеңісті де осы ауруханада жатып сарбаздармен бірге тойлапты.

Жеңістің 60 жылдық мерекесіне орай Нұртай ардагерге Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенкодан арнайы құттықтау хат мен медаль келеді. Дәл қазір менің қолымда хаттың тұпнұсқасы. Бұл хатта елдің жеңіске жету жолында көрсеткен ерлігі мен қызметі үшін алғыс айтылған. Одан кейін де Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтан да бірнеше рет құттықтау хаттар мен үлкен жиындарға шақырту келеді. Дәл қазір Нұртай ардагер көпшіліктің құрметіне бөленіп отырған ерекше тұлға.

«Тұрмыс ауыр болды. Ол уақытта баласың ғой, аш, жалаңаш екеніңді, барыңды, жоғыңды ұқпайды екенсің.  Қанағат жасайсың. Шешеміз қамап кетеді. Осындай бір уыс күрішті суға салып,  жібіген соң жисіңдер дейтін. Сонда бір тал інім бар. Сонда көбірегін әлгі ініме жегіземін», – деді Н. Қашағановтың жолдасы  Айтжан НҰРАХМЕТОВА.

Бүгінде бейбіт өмір сүріп отырған Нұртай ата 5 баладан 10 немере, 4 шөбере сүйіп отыр. Соғыстан кейінгі жылдары бала тәрбиесімен айналысып, бірнеше жыл мұғалім болады. Жұбайы, қызы, келіні де ұстаз болған. Әулеттің ұстаздық қызмет еткен уақытын қосқанда 140 жылдан асады. Қайталанбас ерлік көрсеткен мұндай ардагерлерімізге мемлекет қашан да қолдау көрсетуге дайын. Биыл да Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерей тойына орай тізім бойынша барлығына сыйақы беріліп, құрмет өз дәрежесінде көрсетіледі. Елінің тыныш өмірі үшін күрескен майдангерлердің ерекше ерлігі ешқашан ұмытылмақ емес.

Ұлағат Арғын, Мейрам Исабеков «Алматы»  арнасы

Новости партнеров