Ал анасы баласының мүрдесі қоқысқа тасталғанын білмедім депті
Алматы облысының Сарқан ауданында бес жасар баланың мүрдесі қоқыста үш айдан бері жатқан. Бұл туралы тергеу барысында белгілі болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Қазақпаратқа сілтеме жасап.
«Екеуінің айтуы бойынша, баланың мүрдесін қоқысқа 2022 жылдың 11 ақпанында апарып тастаған», – деді Сарқан ауданы прокурорының орынбасары Еділ Қорғанбаев.
Қайтыс болған баланың нағашы ағасы полицияға берген жауабында кішкентайды молаға жерлемек болғанын айтқан. Оның айтуынша, зиратқа бара жатып, жарды көріп баланың мүрдесін сол жерге тастап кеткен.
«Ағасы мәйітті қоқыс алаңына тастап кеткен себебін түсіндірді. Айтуынша, денені молаға апара жатқан. Түн уақыты болған. Түн болған соң әрі қарай жүруге қорықтым дейді. Ішінде біреу көріп қоя ма деген үрей болғанын айтады. Сол себепті баладан тезірек құтылуды ойлаған. «Үлкен жарды көрдім, сол жерге тастап кеттім» дейді. Сөзіне сенсек, бала айы-күні жетпей, толық жетілмей туған. Сол оқиғаның алдында кішкентай үш күн бойы ауырған. Бірақ анасы да, ағасы да ешқайда хабарламаған. Үш күн ауырса да, баланың ауырғанын ешкімге айтпай, баланың қайтыс болғанын күтіп жатқандай болған», – деді Сарқан ауданы прокурорының орынбасары Еділ Қорғанбаев.
Анасының сөзінше, ол қызын өлтірмеген. Бала ауырып қайтыс болған. Бірақ полицияға баласының мүрдесі қоқысқа тасталғанын білмедім деп жауап беріпті. Өзі тұрмыс құрмаған. Жақында екінші баласын босаныпты. Бес айлық баласы бар 20 жасар жас ананың өз ата-анасы да марқұм болған.
Ал куәгерлер баланың денесін қоқыстан тауып алғанда тек қаңқасы ғана қалған.
Естеріңізге сала кетейік, 18 мамыр күні Алматы облысы Сарқан ауданында бес жасар баланың мәйіті қоқыстан табылған болатын. Ал 19 мамыр күні баланың анасы анықталды. Ол – 2002 жылы туған Сарқан қаласының тұрғыны. Баласын 2017 жылы яғни, 15 жасында дүниеге әкелген. Тергеу жүріп жатыр.