Павлодарда колонияға телефон мен SIM-картаны цемент арасына жасырып кіргізбек болған

26.04.2024 13:46

Өзге құрылыс заттарымен бірге жүк көлігінің ортасында жиналып қойылған цементті қаптар Ұлттық ұлан сарбаздарының күдігін тудырған

elements.envato.com

№45 түзеу мекемесіне әлдебіреулер ірі көлемдегі байланыс құралдарын цемент қаптарына салып, жасырын түрде өткізбекші болған. Бұл туралы Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің жетекшісі Бағдат Амангелді айтып берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Оның айтуынша, тыйым салынған заттар «Еңбек» РММ-ге тиесілі «ГАЗель» жүк көлігін металл іздегішпен тексеру барысында анықталған. Өзге құрылыс заттарымен бірге жүк көлігінің ортасында жиналып қойылған цементті қаптар Ұлттық ұлан сарбаздарының күдігін тудырған.

«Әлгі қаптарды ашуға, тексеруге және толықтай қарап шығуға екі сағаттай уақыт жұмсалды. Тыйым салынған заттар әр қапта болған», - дейді 6679 әскери бөлімінің қарауыл бастығы, аға сержант Қайрат Сиражев.

Барлығы 26 SIM-карта, 3 ұялы телефон, 13 сымсыз және 4 әдеттегі құлаққап, 13 қуаттауға арналған қорек блогы, 24 USB-кабель, 4G АЛТЕЛ құрылғысы, стационарлы Wi-Fi роутер және қалтаға салуға арналған 3 Wi-Fi роутер табылды.

Аталған заттар мен құрылғыларды жөнелтушілер жайлы және олардың кімге бағытталғаны туралы ақпарат жоқ.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда TikTok-қа тыйым салынуы мүмкін