Түркістан облысында өз баласын аяусыз ұрып соққан жауыз әке қамауға алынды. Бұл туралы облыстық полиция департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Кәмелетке толмаған баланы сабап жатқан ер адамның әлеуметтік желілерде тараған видеосы қоғамда қызу талқыға түсіп жатыр. Белгілі болғандай, азамат баласына бұған дейін де қол көтеріп келген екен. Оқиға болған күні күдіктінің әйелі жергілікті полиция бөліміне келіп балаларын күйеуі ұрғаны туралы арыз жазған. Әйелі бұған дейін дене жарақатын алғаны туралы полицияға екі рет арыз жазғанын айтқан. Алайда медиация тәртібі бойынша отағасы жауапкершіліктен құтылып кеткен көрінеді.
«Өз балаларын ұрып-соққан ер азамат қамауға алынды. Күдіктіге қатысты қазіргі таңда ҚР Қылмыстық Кодексінің 110-бабы, 2-бөлігі азаптау бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Сараптамалар тағайындалды. Болған оқиғаның мән-жайы сол тергеу барысында анықталады», – деді облыстық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Қаракөзова.